[1] (Дәуіттің жыры.) Уа, Ием, жанымды Саған бағыштаймын,
[2] Я, Құдайым, Саған сенім артамын. Қалдыра көрме мені масқараға, Әрі жол берме жаудың табасына.
[3] Саған сүйенген ешкім қалмайды ұятқа, Ал бекер сатып кеткендер болады масқара.
[4] Уа, Ием, ақ жолыңды көрсете гөр, Еркіңе сәйкес жүруге үйрете гөр,
[5] Шындығыңа сай бағыттап, нұсқай гөр. Себебі Құтқарушы Құдайымсың Сен, Күні бойы Саған үміт артамын мен.
[6] Уа, Жаратқан Ием, есіңе алшы Өзің көрсетіп келген ежелден бері Сарқылмас мейірімің мен рақымыңды.
[7] Есіңе алмашы жас күнгі күнәмді, Кешіре гөр теріс қылықтарымды, Ескере гөр мейіріміңе сай мені, Уа, Ием, Сен рақымдысың өйткені.
[8] Жаратқан Ие ізгі де әділетті, Сондықтан күнәкарға ақ жолды сілтейді,
[9] Кішіпейілді әділдікке бағыттайды, Әрі тура жолын оған нұсқайды.
[10] Келісімнің ережелерін ұстанған жанды Жаратқан рақым әрі шындықпен бастайды.
[11] Өз есіміңе сай, уа, Жаратқан Ие, Кешіре гөр сондай ауыр күнәмді.
[12] Кім Жаратқан Иені терең қастерлейді? Таңдайтын жолын Ол соған көрсетеді.
[13] Сондай адам игілікке кенеледі, Үрім-бұтағы жерін мұра етеді.
[14] Иеміз Өзін қастерлейтіндерге сырын Ашады және білдіреді Келісімін.
[15] Әрдайым Иеме тігемін көзімді, Жаудың торынан Ол босатады өзімді.
[16] Рақыммен салсаңшы маған назарыңды, Жападан-жалғызбын, рухым жабырқаңқы.
[17] Жүрегімнің қайғысы молайып келеді, Қиыншылықтан азат етсеңші мені.
[18] Азап пен бейнетіме көңіл бөле гөр, Бүкіл күнәларымды кешіре гөр.
[19] Жауларым қандай көп, назар сала көрші, Жауыздықпен олар мені жек көреді.
[20] Құтқара гөр жанымды аман сақтап, Ұятқа қалмайын Сені паналап,
[21] Адалдық пен әділдік қорғасын мені, Өзіңе үміт артамын мен өйткені.
[22] Уа, Құдайымыз, Өзің Исраилді Бар қиыншылықтан құтқара көрші.