[1] Жаратқан Иені мадақтаңдар! Иеміздің өсиеттерінен ләззат тапқан, Оны қастерлейтін жан жарылқанған.
[2] Әулеті оның елде күшті болады, Иә, әділдің ұрпақтары жарылқанады,
[3] Оның үйінде байлық-дәулет жиналады, Әрі әділдігі мәңгі есте қалады.
[4] Турашыл жанға түнекте таң атады, Ол рақымды, мейірбан, әділ болады,
[5] Мұқтажға қайырыммен қарыз береді, Әрі істерін әділдікпен жүргізеді, Содан оның өзі де жақсылық көреді.
[6] Шүбә жоқ, ол ешқашан шайқалмайды, Әділ жан жұрттың есінен шықпайды.
[7] Сондай адам қауесеттен қорықпайды, Жаратқанға сеніп жүрегі қобалжымайды,
[8] Қайта, жүрегі нық, үрейленбейді, Соңында жаулардың жеңілісін көреді.
[9] Ол мұқтаждарға мол көмек таратады, Оның әділдігі мәңгіге ұласады, Абыройы да жоғарылайтын болады.
[10] Ал зұлым жан мұны көріп, абыржиды, Тісін қайрап, қалжырап қажиды, Зұлымдардың аңсағаны құриды.