[1] Неге халықтар жатыр бас көтеріп, Ұлттар іске аспайтын жоспарлар құрып?
[2] Жаратқан мен Оның қойған патшасына Әлемнің патшалары қарсы тұрып, Әкімдер кеңесіп жатыр бірігіп:
[3] «Бізге салған шынжырларын сындырып, Бұғауларынан құтылайық лақтырып!»
[4] Көктегі тағында отырған Құдай күледі, Солардың ойларын Жаратқан келекелейді,
[5] Содан ашулана зекіп, тіл қатады, Қаһар шашып, зәрелерін ұшырады:
[6] «Киелі тауым Сионда Мен Өзім Осы патшамды тағайындаған едім!»
[7] Паш етейін Жаратқанның жарлығын: «Рухани ұлымсың, — деді Ол маған. — (Өзіңді патшалыққа тағайындап) Мен бүгінгі күні Әке болдым саған.
[8] Менен сұра, сонда иелігіңе сенің Халықтарды мәңгілікке беремін, Шартарапты қол астыңа өткіземін.
[9] Сен жауларды темір таяқпен ұрасың. Лақтырып сындырғандай қыш ыдыстарын, Талқандап құртасың өз қиқарлықтарын».
[10] Енді, патшалар, ақылға келіңдер, Әлемнің билері, шындықты түсініңдер!
[11] Жаратқан Иені терең қастерлеңдер, Қуана бой ұрып қызмет етіңдер! Һәм дірілдеп күнәдан шошыныңдар,
[12] Ұлының аяғын сүйіп бағыныңдар! Әйтпесе Ол кәрленіп, көздеріңді құртпақ, Ашуы лезде жалындай лауламақ. Ал Оған сенгендер бақытты болмақ.