Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:22

[1] Жаратқан Иені мадақтаңдар әрдайым! Мен жан-тәніммен Иемді мадақтаймын,

[2] Тірі жүргенімде Жаратқанды даңқтаймын, Өмір бақи Құдайыма ән-жырымды арнаймын.

[3] Әміршілерге үміттеріңді артпаңдар, Өткінші пендені сүйеніш қылмаңдар, Пәледен құтқара алмайды олар:

[4] Демі бітіп, жерге қайта оралады, Сол күні-ақ ой-ниеті ада болады.

[5] Жақып сиынған Құдай жар болған Және Құдай Иесіне үміт артқан Қандай бақытты болады әрбір жан!

[6] Көк пен жерді, теңізді әрі олардағы Бардың бәрін де Иеміз жаратты, Ол мәңгі бақи сөзінде тұрады.

[7] Қаналғандарды Ол әділдікке жеткізеді, Ашығып жүргендерге тамақ береді. Жаратқан Ие тұтқындарды босатады,

[8] Иеміз зағиптардың көзін ашады. Жаратқан бүкірлерді түзу етеді, Иеміз әділдерді жақсы көреді.

[9] Жат жұрттықтың мүддесін Жаратқан қорғайды, Жетім-жесірлерді де қолдап-қоштайды, Ал зұлымдардың ой-ниетін талқандайды.

[10] Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді! Уа, Сион, сиынған Құдайың патшалық Құрады ұрпақтан ұрпаққа мәңгілік. Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!

Забур жырлары — Chapters