[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.
[2] Зифтің бірнеше тұрғынының Саулға барып: «Дәуіт біздің жақта тығылып жүрген сияқты!» деп хабар жеткізген кезіне арналған.)
[3] Уа, Құдай, ұлы атың үшін құтқара гөр, Зор құдіретіңмен мүддемді қорғай гөр!
[4] О, Құдайым, дұғама құлақ сала гөр, Аузымнан шыққан сөздерге көңіл бөле гөр!
[5] Бөгде адамдар маған қарсы шықты, Зорлықшыл сұмдар жанымды алмақшы, Олар еш ойламайды Құдай туралы. //
[6] Алайда Құдай маған жар болады, Жаратқан Ие жан дүниемді нығайтады,
[7] Сұмдығының есесін жауыма қайтарады. Ием, адалдығыңа сай оларды талқандашы.
[8] Өз еркіммен Саған құрбандық шаламын, Уа, Ием, ізгі атыңа мақтау айтамын.
[9] Сен құтқарып алдың мені бар пәледен, Жауларымның жеңілгенін көрдім көзіммен.