[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) Ақылсыз адамдар «Құдай жоқ!» деп ойлайды, Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды, Әрі ешқайсысы да жақсылық жасамайды.
[2] Жаратқан Ие көктен көз салады адамзатқа: «Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға?» Деп байқайды Ол.
[3] Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға, Әбден бұзылды бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да.
[4] Сұмдық жасайтындар ақылға келмес пе екен? Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен, Жаратқанға сиыну ойларына еш түспеген.
[5] Ал оларды қорқыныш құрсаулайтын болады, Өйткені Құдай әділ ұрпаққа жар болады.
[6] «Әй, зұлымдар, күлесіңдер жарлының ниетіне, Бірақ қолдап-қорғайды оны Жаратқан Ие!»
[7] Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге! Жаратқан өз халқын тұтқыннан азат еткенде, Жақыптың үрім-бұтағы қатты қуанады, Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!