[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
[2] Уа, Жаратқан, зұлым адамнан құтқаршы, Зорлықшыл жандардан мені қорғашы,
[3] Ойларында олар сұм жоспар құрады, Күн сайын ұрыс-керіс туғызады.
[4] Өткір тілдері жыландай шағады, «Сұр жыланның уы» тілдерінен тамады.
[5] Уа, Жаратқан, зұлымның қолынан сақташы, Зорлықшыл жандардан мені қорғашы, Аяғымнан шалып олар құлатпақшы.
[6] Паңдар маған жасырын тұзақ құрды, Торларының жіптерін кеңінен жайды, Олар жүрген жолыма қақпандар құрды. //
[7] «Сен Құдайымсың, — дедім Жаратқанға, — Уа, Ием, құлақ түрші жалынған даусыма.
[8] Жаратушы Тәңір Ием, мықты құтқарушымсың, Шайқас күні басымды дулығадай қорғадың.
[9] О, Ием, зұлымға қалауын бермеші, Оның сұм ойларын табысты етпеші, Дұшпандарға көкіректерін көтертпеші». //
[10] Жауларым мені қоршауға алды жан-жақтан, Ал зұлымдықтары ауыздарынан шыққан Өз бастарына түсе берсін әрқашан!
[11] Көмір шоғындай оларға жаудырылсын, Отқа не батпақты шұңқырға лақтырылсын, Енді қайтып солардан шыға алмасын,
[12] Жалақор адамдар елде орнықпасын, Зорлықшылдарды апат қуып ұстасын.
[13] Жаратқан жайлы білемін мына жайтты: Бейшараның хұқығын Ол сақтайды, Мұқтаждың мүддесін қолдап-қорғайды,
[14] Иә, әділдер атыңды мадақтайды, Адал жандар көз алдыңда жасайды.