Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:07

[1] Лайым Жаратқан Иені мадақтаңдар! Жаратқан Иені көктен мақтаңдар, Заңғар аспанда Оны даңқтаңдар,

[2] Мадақтаңдар Оны, бар періштелер, Мадақтаңдар Оны бәрің, көктегілер, Оған бағышталған нөкерлері, сендер!

[3] Мадақтаңдар Иемізді, күн мен ай да, Барлық жарқылдаған жұлдыздар да,

[4] Мадақта Оны лайым, аспан заңғар, Мадақтаңдар Оны, бұлттан жоғары сулар!

[5] Жаратқанның атын дәріптесін барлығы, Ол бұйрық бергенде әлем жаратылды,

[6] Мәңгілікке берік орнатты Ол соларды, Әрдайым сақталады берген жарлықтары.

[7] Мадақтаңдар Жаратқанды, жердегілер, Алып балықтар мен түпсіз теңіздер,

[8] Найзағай мен бұршақ, қар және тұман, Дауыл да Оның бұйрығына бағынған,

[9] Мақтаңдар Оны, бар төбелер мен таулар, Жеміс ағаштары мен күллі самырсындар,

[10] Алуан түрлі аңдар және малдар, Құстар әрі бауырымен жорғалаушылар!

[11] Әлемнің патшалары мен бүкіл халықтар, Жердегі әміршілер және барлық соттар,

[12] Мадақтаңдар Оны, жігіттер мен қыздар, Қарттармен қатар сендер де, балалар!

[13] Мадақтасын бәрі де Жаратқанның атын, Тек Ол ғана жоғары барлығынан, Даңқы Оның жер мен аспаннан асқан.

[14] Ол Өзінің халқына күш-қуат дарытты, Бар адал жандарға мақтау әнін айтқызды, Исраил ұрпақтарының даңқын асырды, Осы халық Өзімен тығыз байланысты. Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!

Забур жырлары — Chapters