[1] Алла Тағаланың панасында тұрған адам Құдіреттінің саясынан табады тыным.
[2] Мен Жаратқан Иеге былай дейтін болам: Бас сауғалайтын панам әрі қорғаным, Сенімімді Саған артам, уа, Құдайым!
[3] Хақ Тағала сені зұлымның тұзағынан Әрі жойқын обадан сақтайды аман.
[4] Сені Өзінің «қанатымен» жауып алады, «Қалқан мен қамалың» — Оның адалдығы, Осылай өмірің қауіп-қатерсіз болады.
[5] Түнде сен қара түнек қорқынышынан, Күндіз де қорықпайсың жау оғынан,
[6] Сескенбейсің түнгі індет-аурудан Һәм тал түсте басыңа төнген апаттан.
[7] Қасыңда мыңдағандар қаза тапса, Оң жағыңда он мыңдап қырылғанда, Саған зақым жақындай алмайды да.
[8] Тек болып жатқанды көріп тұрасың, Зұлымдардың жазаланғанын ұғасың.
[9] Сен Жаратқанға сенім артып келесің, Алла Тағаланы панаң етесің,
[10] Басыңа енді жамандық түспейді, Үйіңе ешбір апат та төнбейді.
[11] Періштелеріне Ол сен жайлы бұйрық береді: Қай жолмен жүрсең де, олар сені қорғап күзетеді,
[12] Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін Қолдарына көтеріп сені алып жүреді.
[13] Жас арыстан мен оқжыланды аяқпен таптайсың, Үлкен арыстан мен абжыланды жаншып тастайсың.
[14] Себебі Жаратқан Ие былай деп айтқан: «Өзімді сүйгенді Мен құтқарып аламын, Өзімді мойындағанды қорғайтын боламын,
[15] Ол Маған сиынғанда құлақ саламын, Азап шеккен кезінде оған жар боламын, Аман-есен сақтап, құрметке бөлеймін.
[16] Ғұмырын ұзақ қылып риза етемін, Құтқаруымды оған сыйлап беремін».