Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:36

[1] (Дәуіттің жыры.) Даңқталсын құздай нық қорғаным — Жаратқан! Қолдарымды соғысқа Ол жаттықтырған, Саусақтарымды шайқасқа дайындаған.

[2] Ол — рақымның қайнары әрі қамалым, Мықты мұнарам әрі құтқарушым, Қалқандай қорғаушым әрі баспанам, Халқымды Ол билігіме тапсырған.

[3] Уа, Ием, Сен ескеретіндей адам сонша кім, Өзің қамқорлайтындай адам баласы кім?

[4] Алған деміне ғана ұқсайды адам, Өткен көлеңкедей күндері қысқарған.

[5] Көкті қақ жарып, уа, Ием, төменге түсші, Түтін шықсын деп тауларға қол тигізші,

[6] Найзағай жарқылдатып, жауды шашыратшы, Жебелер атқылап оларды қиратшы,

[7] Қолыңды көктен созып мені құтқаршы, Топан судай мол жат жұрттан азат қылшы,

[8] Өтірікке лық толған өз ауыздары, Алдамшы да олардың берген анттары.

[9] Уа, Құдай, Өзіңе жаңа ән саламын, Он ішекті жетігенмен күй тартамын.

[10] Патшаларға Сен жеңісті сыйлайсың, Қызметшің Дәуітті аман сақтайсың.

[11] Ажалды семсерден мені құтқаршы, Жат жұрттың қолынан азат қылшы, Өтірікке лық толған өз ауыздары, Алдамшы да олардың берген анттары.

[12] Жастық шақтан өсіре гөр ұлдарымызды Жақсы өңделген дала дақылдары сықылды, Қыздарымыз болсын безендірген сарайдағы Әсемдеп өрнектелген бағана сияқты.

[13] Қоймамыз лайым толы бола берсін Алуан түрімен азық-түліктің, Малдарымыз мың-мыңдап көбейсін, Жайылымда оң мыңдап молайсын,

[14] Өгіздеріміз ауыр жүктен арылмасын, Қамалдарымыз ешқашан жарылмасын, Ешбір жау бізді тұтқынға айдамасын, Көшеде зар жылаған дауыс шықпасын!

[15] Осындай тілектері іске асқан Әрбір халық қандай жарылқанған! Құдайы — Жаратқан Иеге сиынған Әрбір халық қандай жарылқанған!

Забур жырлары — Chapters