[1] Мадақтаңдар Жаратқан Иені! Мақтау айтамын Жаратқан Иеге, Халық жиылып, әділдер кеңескенде.
[2] Қандай ұлы — Жаратқанның істері, Оларды ұнатқандар терең зерттейді.
[3] Оның істері ұлы да салтанатты, Әділдігі мәңгілікке ұласады.
[4] Ол кереметтерін есте қаларлық қылды, Иеміз шапағатты да қайырымды,
[5] Өзін қастерлейтінді аспен қамтиды, Келісімін ұдайы есінде сақтайды.
[6] Ол құдіретті істерін халқына көрсетті, Өзге ұлттардың жерін оған мұра етті.
[7] Жаратқанның істері адал да әділетті, Оның бұйрықтары да түгел сенімді,
[8] Олар мәңгілікке берік негізделген, Әрі орындалады шындықпен, адалдықпен.
[9] Жаратқан Ие өз халқын азат етті, Келісімін мәңгілікке бекітті, Есімі Оның киелі де қасиетті.
[10] Даналықтың бастауы — терең қастерлеу Жаратқан Иені әрі Оған шын бағыну, Мұны ұстанған әркім парасатты болады. Иеміз мәңгі бақи мадақталады!