Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:53

[1] Уа, Иеміз, зұлымды жазалайтын Құдай, Нұрыңды төкші, о, әділ соттаушы Құдай!

[2] Уа, әлемге Үкім Шығарушы, көтеріле гөр, Менменге тиісті жазасын тартқыза гөр!

[3] О, Жаратқан Ие, қашанғы осылай болмақ? Қашанғы әділетсіздер дауыстап қуанбақ?

[4] Ауыздарынан менмен сөздер үздіксіз шығады, Зұлымдық істейтіндердің бәрі мақтанады,

[5] Уа, Жаратқан Ием, аяққа таптап халқыңды, Олар қанайды таңдаған меншігіңді:

[6] Жесірлер мен жат жұрттықтарды жояды, Жетімдердің де көзін сол қаталдар құртады.

[7] Олар былай дейді: «Жаратқан мұны көрмейді, Жақып сиынған Құдай бұған мән бермейді».

[8] Елдегі ақымақтар, ақылға келіңдер, Сендер парасатқа қашан кенелесіңдер?

[9] Құлақты жаратқан Тәңір әлде естімей ме, Көзді жаратқан Оның Өзі әлде көрмей ме?

[10] Халықтарға ескерткен Ол саған ескертпей ме? Адамға тағылым беретін Ол —

[11] Жаратқан Ие Пенденің ойларының бекерлігін біледі де!

[12] Уа, Жаратқан Ие, Өзің тәрбие берген жан Бақытты: Таурат заңыңнан үйретесің оған,

[13] Тыным бересің соған қиын-қыстау уақытта, Ал сұмдарға көр қазылады ақыр соңында.

[14] Себебі Жаратқан Ие өз халқынан бас тартпайды, Таңдаған меншігін Ол жалғыз қалдырмайды.

[15] Сөз жоқ, төрелік қайта әділдікке негізделмек, Бар ақжүрек жандар әділдік жолымен жүрмек.

[16] Кім мені қорғау үшін қарсы шығар зұлымдарға, Кім мен үшін қарсы тұрар күнә жасайтындарға?

[17] Егер Жаратқан Ие маған жар болмағанда, О дүниеге аттанар едім жақын арада.

[18] «Аяғым таяды!» дегенімде, уа, Жаратқан, Сенің мейірімің болды сүйеніш маған.

[19] Уайым-қайғы кернегенде менің жүрегімді, Сенің жұбанышың жадыратты көңілімді.

[20] Заңыңа қарсы зорлық-зомбылық ойлаған Арамзалардың тақтары жақын бола ма Саған?

[21] Топтасып олар әділге қарсы ұмтылады, Кінәратсыз адамды өлімге бұйырады.

[22] Бірақ Жаратқан Ие — паналайтын қорғаным, Иә, Құдайым менің — бас сауғалар жартасым.

[23] Сол зұлымдарға Ол қылықтарын қайтарады, Өз жауыздықтарымен өздерін құртады, Құдай Иеміз оларды мүлдем жояды.

Забур жырлары — Chapters