[1] (Дәуіттің жыры.) Жаратқан — нұрым менің, құтқарушым да, Кімнен мен қорқамын солай болғанда? Жаратқан — өмірімнің берік қорғаны да, Кімнен үрейленемін солай болғанда?
[2] Мені жалмауға зұлымдар таяп қалса, Қарсылас, жауларым маған бас салса, Өздері-ақ сүрініп, жығылады да.
[3] Мен қорықпаймын, әскер қоршап алса да, Үмітім үзілмес, ол маған лап қойса да.
[4] Иемнен бір-ақ нәрсені сұрадым, Тек мынау ғана менің аңсағаным: Өмір бойы Оның үйінде болсам, Жаратқан Иенің көркіне қарасам, Ғибадатханасында ойланып-толғансам.
[5] Өйткені менің басыма күн туғанда Ол тасалайды мені тұрағында, Жасырады өз құпия орнында, Аман сақтайды биік тау құзында.
[6] Сонда қоршаған жауымнан биік тұрамын, Иемнің киелі үйінде шаттанамын, Қуана Оған сый-тартулар бағыштаймын, Ән-жырымды Жаратқан Иеге арнаймын.
[7] Өзіңе сиынған даусыма құлақ түрші, Уа, Ием, рақыммен жауап бере көрші.
[8] Сен «Алдыма келіп, сиыныңдар» дедің, Саған шын жүректен жауап беремін: «Уа, Ием, сиынып алдыңа келемін».
[9] Бет-жүзіңді жасыра көрме менен, Ашумен бас тартпа мендей пендеңнен. Қорғап-қолдаушым болып келесің Сен, Жалғыз қалдырып безіп кетпе менен, Уа, Құдайым, Құтқарушымсың Сен.
[10] Бас тартса менен тіпті әке-шешем, Қабылдайды мені Жаратқан Ием.
[11] Уа, Ием, жолдарыңды маған нұсқай гөр, Жауларыма бола ақ жолыңмен бастай гөр,
[12] Жаудың еркіне қалдыра көрме мені, Жалған куәлар өзіме қарсы көтеріледі, Ашумен маған қоқан-лоқы көрсетеді.
[13] Алайда мен мынаған нық сенемін: Әлі де бұ дүниеде тірі жүремін, Жаратқан Иенің мейірімін көремін.
[14] Әрдайым Жаратқанға арт сеніміңді, Батыл болып, нығайта түс жүрегіңді! Әрқашан Жаратқанға арт сеніміңді!