[1] Құдай Нұх пен оның ұлдарына былай деп бата берді: «Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейіп, жерді толтырыңдар.
[2] Сендерді көргенде, барлық жер бетіндегі аңдар мен аспандағы құстарды, жер үстінде қыбырлап жүргендер мен теңіздегі балықтарды үрей мен қорқыныш билесін. Себебі олар сендердің биліктеріңе берілді.
[3] Қимылдап жүргендер мен кеудесінде жаны барлардың бәрі сендерге қорек болады. Өсімдіктерді бергенім сияқты, қазірден бастап сендерге бәрін де беремін.
[4] Алайда қанын шығармай тұрып, олардың етін жеуші болмаңдар, жаны қанында ғой.
[5] Ал егер сендердің қандарың төгілетін болса, Мен сол үшін есеп беруді талап ететін боламын. Кез келген аңнан және кісіден адамның өмірі үшін есеп беруді талап етемін.
[6] Кімде-кім адамның қанын төксе, оның да қаны адам арқылы төгілетін болады, себебі Құдай адамды Өзіне (рухани жағынан) ұқсас етіп жаратты.
[7] Ал сендер өсіп-өніп көбейіп, жер бетін жайлаңдар».
[8] Құдай Нұхқа және оның ұлдарына тағы да үн қатып:
[9] «Осылай Мен сендермен, келешек ұрпақтарыңмен
[10] және сендердегі барлық тірі мақұлықтармен: құстармен, малдармен, аңдармен, сендермен бірге кемеден шыққан жер бетіндегі барлық жан-жануарлармен Келісім жасаймын.
[11] Бұдан былай еш уақытта тіршілік атаулы топан судан құрымайды және жерді бүлдіретін топан су ешқашан қайтып болмайды деп, сендермен Келісім жасаймын», — деді.
[12] Мұнан соң Құдай тағы былай деді: «Менің сендермен және қастарыңда жүрген бүкіл тіршілік иелерімен барлық болашақ ұрпақтар үшін де жасаған Келісімімнің белгісі мынау:
[13] Мен садаққа ұқсас кемпірқосағымды бұлтқа орнатамын, бұл — Менімен жердің арасындағы Келісімнің белгісі.
[14] Мен жерге жаңбырдың бұлттарын жібергенде, олардың арасынан кемпірқосақ көрінетін болады.
[15] Сол кездерде Мен Өзімнің сендермен және барлық тіршілік иелерімен жасаған Келісімімді есіме түсіремін: су бұдан былай ешқашан да барлық тіршілік иелерін құртатын топан суға айналмайды.
[16] Бұлттың арасында тұрған кемпірқосақты көрген сайын, Мен жер бетіндегі әр түрлі тіршілік иелерімен мәңгілікке жасасқан Келісімімді есіме аламын».
[17] Сонымен Құдай Нұхқа: «Бұл — Менің жер бетіндегі барлық тіршілік атаулымен бекіткен Келісімімнің белгісі», — деді.
[18] Кемеден шыққан Нұхтың ұлдарының есімдері: Шам, Хам, Япші. Хам Қанаханның әкесі еді.
[19] Бұлар Нұхтың үш ұлы болатын, осылардан жер бетіндегі барлық халықтар тарады.
[20] Нұх жер өңдеп, жер бетінде бірінші болып жүзім екті.
[21] Бірде ол шарап ішіп, мас болып, шатырдың ішінде жалаңаш жатты.
[22] Қанаханның әкесі Хам өз әкесінің жалаңаш денесін көріп, сыртқа шығып, оны екі бауырына хабарлады.
[23] Ал Шам мен Япші бір жамылғыны иықтарына іле салып, теріс қарап ішке кіріп, әкелерінің денесін жапты. Жүздерін басқа жаққа бұрғандықтан, олар оның жалаңаш денесін көрген жоқ.
[24] Нұх мастығынан айығып, оянғаннан кейін, кіші ұлының өзін келеке еткені туралы естіп,
[25] былай деді: «Қанаханды қарғыс атсын! Ол ағайындарының ең бейшара құлына айналсын!»
[26] Содан соң ол: «Шамның Құдай Иесі мадақталсын! Ал Қанахан Шамның құлы болсын!
[27] Құдай Япшінің өрісін кеңейтсін, Ол Шамның шатырларында тұрсын! Ал Қанахан оның құлы болсын!» — деді.
[28] Топан судан соң Нұх үш жүз елу жыл өмір сүрді.
[29] Нұх барлығы тоғыз жүз елу жыл өмір сүріп, қайтыс болды.