[1] Адам әйелі Хауамен жақындасқан соң, әйелі жүкті болып, Қабылды туды. Сонда Хауа: «Жаратқан Иенің жарылқауымен бір ұл балаға ие болдым», — деді.
[2] Хауа қайтадан жүкті болып, Қабылдың інісі Әбілді туды. Әбіл мал бағушы, ал Қабыл жерді өңдейтін егінші болды.
[3] Біраз уақыт өткеннен кейін Қабыл Жаратқан Иеге арнап жерден жинап алған өнімінен тарту ұсынды.
[4] Ал Әбіл малының алғашқы төлдерінен әкеліп, құрбандыққа шалып, олардың майлы бөліктерін де тарту етті. Жаратқан Ие Әбілге және оның құрбандығына ризашылықпен қарады,
[5] бірақ Қабылға және оның ұсынған тартуына риза болмады. Бұған Қабыл қатты ашуланып, қабағын түйіп безеріп алды.
[6] Сонда Жаратқан Ие Қабылға: — Сен неге ашуланасың? Неліктен қабағыңды түйіп безересің?
[7] Егер істегенің дұрыс болса, онда сені қабылдар едім. Ал істегенің дұрыс болмаса, онда босағаңды күнәнің жағалағаны: күнә сені иемденуге құштар, бірақ сен оған жол бермеуің керек, — деп сөзін арнады.
[8] Алайда Қабыл інісі Әбілге: «Далаға барайық», — деді. Олар далаға шыққан соң, Қабыл інісін бас салып, ұрып өлтірді.
[9] Кейін Жаратқан Ие Қабылдан: — Інің Әбіл қайда? — деп сұрады. Ол: — Білмеймін, мен інімнің күзетшісі ме едім? — деп жауап қайырды.
[10] Жаратқан Ие: — Сен не істедің? Ініңнің төгілген қаны Маған жерден үн қатып, кегін алуды сұрап тұр!
[11] Сені қарғыс атқан! Енді өз қолыңмен өлтірген ініңнің қаны сіңген жердің топырағынан аулақ жүресің.
[12] Сен оны өңдегенде, түк өнім ала алмайсың. Сондықтан жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналасың, — деді.
[13] Қабыл Жаратқан Иеге жауап беріп: — Менің тартатын жазам көтере алмастай ауыр.
[14] Бүгін мені егіндік жерден қуып отырсың, Сенің көзіңнен таса жүретін боламын. Жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналамын. Кім кездессе, сол мені өлтіретін болады, — деді.
[15] Бірақ Жаратқан Ие: — Жоқ, Қабылды кім өлтірсе, содан жеті есе кек алынады, — деді. Сондықтан Ол кездескендер өлтіріп қоймау үшін Қабылға таңба салып берді.
[16] Ал Қабыл Жаратқан Иенің көз алдынан кетіп, Едемнің шығысында орналасқан Нод (яғни «Кезбелік») деген жерге қоныстанды.
[17] Қабыл әйелімен жақындасып, ол жүкті болып, Енохты туды. Кейін Қабыл қала салып, оған ұлының атын қойды.
[18] Ал Енохтан Ирад, Ирадтан Мехуел, Мехуелден Метушаил, Метушаилдан Ләмех дүниеге келді.
[19] Ләмех екі әйел алды, біреуінің есімі Ада, екіншісінікі Зилла еді.
[20] Ададан Ябал туды. Ябалдан шатырларда тұрып, мал бағатындар тарады.
[21] Оның інісінің аты Юбал еді. Ол ішекті аспаптар мен сыбызғыда ойнаушылардың түп атасы болды.
[22] Зилланың да Тұбалқабыл есімді бір ұлы болатын. Ол мыс пен темірден әр түрлі құрал-жабдықтарды жасап шығарды. Тұбалқабылдың қарындасының аты Нағама еді.
[23] Ләмех әйелдеріне тіл қатып: «Әй, Ада мен Зилла, Ләмехтің әйелдері, мені тыңдап, сөзіме құлақ түріңдер! Мені жаралағаны үшін бір еркекті, денемді көгерткені үшін бір жас жігітті өлтірдім.
[24] Қабыл үшін жеті есе кек алынатын болса, Ләмех үшін жетпіс жеті есе кек алынатын болады», — деді.
[25] Адам ата әйелімен тағы да жақындасқан соң, Хауа ұл туып, оның атын Сет (яғни «Сыйланған») деп қойды. Себебі ол: «Қабыл Әбілді өлтірген соң, Құдай маған оның орнына басқа бір ұрпақ сыйлады», — деді.
[26] Сет те ұлды болып, атын Енос деп қойды. Сол кезден адамдар Жаратқан Иеге сиынып мінажат ете бастады.