Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:09

[1] Бұдан соң Жақып басын көтеріп, төңірегіне көз тастағанда, ағасы Есаудың келе жатқанын көрді. Оның қасында ілестірген төрт жүз жігіті болды. Сонда Жақып балаларын Лияға, Рахилаға және екі күңіне бөліп беріп,

[2] күңдерді балаларымен алдына, олардың артына Лияны балаларымен, ең соңына Рахиланы Жүсіппен тұрғызды.

[3] Жақыптың өзі бұлардың ең басында жүріп, ағасының алдына жеткенше жеті рет жерге иіліп тағзым етті.

[4] Бірақ Есау жүгіріп келіп, құшақтай алып, оны бетінен сүйді. Екеуі де егіле жылады.

[5] Есау басын көтеріп, әйелдер мен балаларды көргенде: — Мына қасыңа ерткендерің кім? — деп сұрады. Жақып: — Бұлар — Құдай сіздің құлыңызға сыйлаған балалар, — деді.

[6] Күңдер балаларымен ілгері шығып, Есауға бастарын иді.

[7] Содан кейін Лия да балаларымен келіп, оған тағзым етті. Ең соңында Жүсіп пен Рахила алға шығып, бастарын иіп сәлем етті. Есау:

[8] — Мен жолшыбай кездестірген табын-табын малдарыңмен не істейтін ойың бар? — деп сұрады. Жақып: — Солар — қожайыныма тартқан сыйлығым. Маған мейірім көрсетсеңіз екен, — деп жауап берді.

[9] Бірақ Есау: — Менің өзімдікі де жетіп жатыр. Бауырым, өз мал-мүлкіңе өзің ие бол, — деді.

[10] Ал Жақып: — Жо-жоқ! Маған мейіріміңіз түскені рас болса, онда мына сый-тартуымды қабылдаңыз. Мен жүзіңізді көріп, Құдайдың бет-жүзін көргендей болып тұрмын. Себебі сіз мені игі ниетпен қарсы алдыңыз.

[11] Өзіңізге арнаған осы тартуларымды қабыл алыңызшы. Маған Құдайдың рақымы түсті, менде не керектің бәрі де бар, — деп қиыла өтініп қоймады. Ақыры Есау көніп, Жақыптың сыйлықтарын қабылдады. Оған:

[12] — Жолға шығайық, мен сендермен бірге жүремін, — деді.

[13] Бірақ Жақып былай деп жауап берді: — Қожайыным өзі біледі, менің жас балаларым бар, қозылы қойларым мен бұзаулы сиырларыма да абай болуым керек. Оларды бір күн ғана жылдам айдайтын болса, отар-табындарым құрып кететін болады.

[14] Қожайыным, құлыңыздың алдынан жүре беріңіз. Мен Сейір жеріне, қожайынымның қасына жеткенше, айдап келе жатқан малдарымның, жүре алатын балаларымның ыңғайына қарай ақырындап жүретін болайын. —

[15] Есау: — Ендеше мен ертіп келген жігіттердің бірнешеуін қасыңа қалдырып кетейін, — деп ұсынды. Ал Жақып: — Рақмет, оның қажеті жоқ. Қожайынымның маған бұдан былай да жылы жүзбен қарағанының өзі бір ғанибет, — деп тілегін білдірді.

[16] Содан Есау сол күні-ақ Сейір жеріне кері аттанды.

[17] Жақып болса, көшіп-қонып Соқотқа барып, сонда өзіне үй, малдарына қора салды. Сол себептен осы жерге Соқот («Қоралар») деген ат қойылды.

[18] Кейін Жақып солтүстік Месопотамиядан қайтып келген сапарын аяқтап, аман-есен Қанахан елінде орналасқан Сихем қаласына жетті. Оның қақпасының алдына шатырын тігіп жайғасты.

[19] Жақып шатырын тіккен жер танабын Хамордың ұлдарынан жүз мысқал күміске сатып алды. Ал Хамордың бір ұлының аты Сихем болатын.

[20] Жақып сол жерде Құдайға құрбандық беретін орын жасап, оны «Исраил сиынатын Тәңір — Құдай» деп атады.

Жаратылыстың баст — Chapters