[1] Мұнан кейін Құдай Жақыпқа: «Жинал да, Бетелге өрлеп барып, сол жерді мекенде. Сонда Есаудан қашып кетіп бара жатқан жолыңда саған аян берген Өзіме арнап құрбандық ұсынатын орын сал», — деп бұйырды.
[2] Содан Жақып үй ішіне және еріп жүрген адамдарының бәріне былай деп тапсырма берді: «Қолдарыңда бар бөтен тәңірлердің мүсіндерін лақтырып тастап, жуынып-тазарып, киімдеріңді ауыстырыңдар!
[3] Содан кейін жиналып, Бетелге өрлейік. Сол жерде мен Құдайға арнап құрбандық ұсынатын орын салмақпын. Күйзелген кезімде Ол маған құлақ асып, жүрген жолдарымда жар болып келеді». —
[4] Сонда Жақыптың қасындағы адамдары оған қолдарындағы мүсінделген бүкіл бөтен тәңірлерді және тұмар-сырғаларын табыстады. Ол соларды Сихем қаласының қасындағы бір емен ағашының түбіне көміп тастады.
[5] Сонан соң олар жолға шықты. Құдай төңіректегі қалаларға үрей төндіргендіктен Жақыптың ұлдарының артынан ешкім қуғындаған жоқ.
[6] Осылайша Жақып және оған еріп жүрген барлық адамдар Қанахан еліндегі Лұз (яғни Бетел) қаласының маңайына жетті.
[7] Сонда Жақып Құдайға арнап құрбандық ұсынатын орын салып, оны «Ел-Бетел» («Бетелде (аян берген) Құдай») деп атады. Себебі ағасынан қашып бара жатқан кезінде Құдай оған сол жерде аян берген еді.
[8] Осы шамада Рабиғаның күтуші шешесі Дебора қайтыс болды. Ол Бетелден төменірек жердегі емен ағашының түбіне жерленді. Сондықтан сол ағаш «Жоқтау емені» деп аталып кетті.
[9] Жақып Месопотамиядан қайтып келгеннен кейін Құдай оған тағы да аян беріп:
[10] «Сенің есімің — Жақып. Бірақ бұдан былай сен Жақып емес, Исраил деп аталасың, — деп батасын берді. Сонымен Құдай оның Исраил деген жаңа атын бекітті.
[11] Ол сөзін жалғастырып: — Мен құдіреті шексіз Құдаймын. Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейсін! Сенен халық, тіпті көптеген халықтар тарап, патшалар да шығатын болады.
[12] Ыбырайым мен Ысқаққа беруге уәде еткен елді Мен саған да, кейінгі ұрпақтарыңа да беремін», — деді.
[13] Бұдан соң Ол Жақыпқа сөзін арнаған жерден жоғары көтеріліп, ғайып болды.
[14] Жақып өзіне Құдай тіл қатқан сол жерде ескерткіш тас орнатып, оның үстіне Құдайға арнап сый-тарту ретінде сусын құйды. Содан кейін біраз май да құйып, ескерткішті Құдайға бағыштады.
[15] Құдай өзіне тіл қатқан сол жерді ол Бетел («Құдай үйі») деп атайтын.
[16] Жақыптың көші Бетелден шығып, Ефратаға біраз шақырым қалғанда, Рахила толғата бастады. Ол қатты қиналып босанды.
[17] Рахила босанып қиналып жатқанда босандырушы әйел оған: «Қорықпа, сен бұл жолы да ұл туасың», — деп жұбатты.
[18] Рахила хал үстінде жатып, соңғы демін шығарарда, баланы Бенони («Бәлемнің ұлы») деп атады. Бірақ әкесі Жақып оған Бунямин («Бақыт ұлы») деген ат қойды.
[19] Осылайша Рахила қайтыс болды. Оның мәйіті Ефратаға бара жатқан жолда, қазір Бетлехем деп аталатын жерде, қабірге қойылды.
[20] Жақып қабірдің басына құлпытас орнатты. Рахиланың құлпытасын осы күнге дейін көруге болады.
[21] Исраил (яғни Жақып) әрі қарай көше отырып, шатырын Мығдал-Едердің ар жағына тікті.
[22] Ол сол елде тұрған кезде тұңғышы Рубен әкесінің кәнизагы Балхамен жақындасты. Ал Исраил бұл туралы біліп қойды. Жақыптың он екі ұлы болды.
[23] Лиядан туғандары: Жақыптың тұңғышы Рубен, одан кейін Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Забулон.
[24] Рахиладан туған ұлдары: Жүсіп пен Бунямин.
[25] Рахиланың күңі Балхадан туған ұлдары: Дан мен Нафталим.
[26] Лияның күңі Зилпадан туған ұлдары: Ғад пен Ашир. Жақыптың солтүстік Месопотамияда туған ұлдары осылар болды.
[27] Ақырында Жақып Хеброн деп те аталатын Кирият-Арбадағы Мамреге әкесі Ысқаққа қайтып келді. Бұл жерде Ыбырайым мен Ысқақ жат жұрттық болып тұрып жатқан еді.
[28] Ысқақ жүз сексен жыл жасады.
[29] Ол мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында жан тапсырып, о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды. Үрім-бұтағы оны азалап, ұлдары Есау мен Жақып мәйітін қабірге апарып қойды.