[1] Сол кезде Жүсіптің әкесі Жақып Мысырда астықтың бар екенін естіп, ұлдарына: «Неге бір-біріңе қарап отырсыңдар?
[2] Мысырда нан бар деп естідім. Аштан өліп қалмауымыз үшін сол жаққа барып, астық сатып алыңдар!» — деп тапсырды.
[3] Осылай Жүсіптің он ағасы азық алып келуге Мысырға қарай бет алды.
[4] Ал Жақып Жүсіптің бірге туған інісі Буняминді жолда бір пәлеге ұшырап қалар деп қауіптеніп, ағаларымен бірге жібермей қойды.
[5] Сонымен Жақыптың он ұлы Мысырға жетті. Олармен бірге азық сатып алу үшін басқа адамдар да келген еді. Өйткені аштық Қанахан елін де қамтыған болатын.
[6] Ал Жүсіп Мысырдың әміршісі болып, бүкіл халыққа астық сатуды басқаратын. Сондықтан ағалары оның алдына келіп, жерге дейін иіліп тағзым етті.
[7] Жүсіп оларды көрісімен-ақ танығанмен, бөтен адамның сыңайын танытып, олармен қатал сөйлесті: — Сендер қайдан келдіңдер? — Біз астық сатып алу үшін Қанахан елінен келдік, — деді олар.
[8] Жүсіп ағаларын таныса да, олар оны таныған жоқ.
[9] Баяғыда олар туралы көрген түстері есіне түскен Жүсіп: — Сендер тыңшысыңдар! Біздің шекараның әлсіз жерлерін іздеп табу үшін келдіңдер! — деп дүрсе қоя берді. Олар:
[10] — Жо-жоқ, уа, тақсыр иеміз. Алдыңыздағы құлдарыңыз осында тек астық сатып алу үшін ғана келдік.
[11] Біз барлығымыз бір адамның ұлдарымыз, тыңшы емес, адал адамдармыз, — деді.
[12] — Жоқ, сендер елге қай тұсынан шабуылдауға болатынын біліп алу үшін келдіңдер!
[13] — Тақсыр ие, біз он екі ағайынды болғанбыз. Қанаханда тұратын бір адамның ұлдарымыз. Ең кішіміз әкеміздің қасында қалды, ал бір бауырымыз қайтыс болған. —
[14] Жүсіп оларға: — Шынында да сендер дәл мен айтқандай тыңшысыңдар!
[15] Перғауынның атымен ант етемін, енді сендер сыналмақсыңдар! Үйде қалған ең кіші інілерің де келмейінше бұл жерден ешқайда кетпейсіңдер.
[16] Кенже бауырларыңды алып келуге араларыңнан біреуіңді жіберіңдер, ал басқаларың қамауға алынасыңдар. Осылайша сөздерің шын ба, жоқ па, соны тексереміз. Егер өтірік болып шықса, онда тыңшы екендерің айдай анық болады, — деді.
[17] Содан оларды үш күнге қаматып қойды.
[18] Үшінші күні Жүсіп оларға тіл қатып: — Мен Құдайды қастерлейтін адаммын. Енді мынаны істеңдер, сонда аман қаласыңдар:
[19] егер расында адал болсаңдар, бауырларыңның біреуін түрмеде қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар.
[20] Ал кейін кенже інілеріңді әкелуге тиістісіңдер! Сонда сөздеріңнің шындығына көзім жетіп, сендер ажалдан құтыласыңдар, — деді. Олар солай істеуге келісті.
[21] Ағайындылар бір-біріне: «Шынында біз бұл жазаға ініміз Жүсіпке бола ұшырап отырмыз. Оның жапа шегіп, жан даусымен бізге жалынғанын көрсек те, құлақ салмадық. Сондықтан да осы бақытсыздық басымызға төніп тұр», — десті.
[22] Рубен інілеріне: «Балаға қол жұмсап күнә жасамаңдар деп сендерге айтпап па едім? Алайда мені тыңдамадыңдар. Енді міне, оның төгілген қаны үшін есеп беретін уақыт жетті», — деді.
[23] Олар осы айтқандарын Жүсіптің түсініп қойғанын білген жоқ, себебі ол ағаларымен тілмаш арқылы сөйлескен болатын.
[24] Жүсіп бұрылып кетіп, көзіне жас алды. Содан ол қастарына қайта оралып, олармен тағы да сөйлесті. Кейін ағайындылардың ішінен Шимонды тұтқындатып, олардың көзінше байлатты.
[25] Қызметшілеріне ағайындылардың қаптарын астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген күмістерін қаптың аузына салуға, жол азығын да беруге бұйырды. Барлығы да Жүсіп айтқандай іске асты.
[26] Ағалары қаптарын есектеріне артып, жолға шықты.
[27] Олар түнеуге аялдаған кезде біреуі есегіне жем беру үшін қабының аузын ашып, төлеген күмісінің сонда жатқанын көрді.
[28] Таңғалған ол бауырларына: «Ақшам өзіме қайтарылыпты! Ол, міне, қаптың бетінде жатыр!» — деді. Бәрінің жүректері суылдап, бір-біріне үрейлене қарап: «Құдай бізге не істеді?» — десті.
[29] Қанаханға, әкелері Жақыпқа қайтып келген соң, олар оған көрген-білгендерін түгелдей баяндап берді:
[30] — Сол елдің әміршісі бізге еліне кірген тыңшылар ретінде қарап, өте қатал сөйлесті.
[31] Біз оған: «Тыңшы емес, адал адамдармыз!
[32] Бір кісінің балалары, он екі ағайындымыз. Бір бауырымыздан айырылғанбыз, ал кенжеміз әкеміздің қасында Қанаханда қалды», — дедік.
[33] Бірақ сол кісі — елдің әміршісі бізге: «Мен сендердің адал екендіктеріңе былай көз жеткіземін: бауырларыңның біреуін қасымда қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар.
[34] Алайда маған кенже інілеріңді әкелуге тиіссіңдер! Содан сендердің тыңшы емес, адал адам екендіктеріңе көз жеткізіп, осында қалдырған бауырларыңды қайтарып беремін. Сонда бұл елде еркін жүре алатын боласыңдар», — деп бұйырды.
[35] Бұдан кейін ағайындылар қаптарын босатып жатып, әрқайсысы төлеген күмістерін тауып алды. Мұны көргенде өздері де, әкелері де зәрелері ұшып қорқып кетті.
[36] Жақып: — Сендер мені балаларымсыз қалдырып отырсыңдар: Жүсіптен айырылдым, Шимоннан да айырылдым, енді Буняминді де алып кетпексіңдер! Апаттың бәрі басыма төніп тұр! — деп қапаланды.
[37] Сонда Рубен әкесіне: — Егер мен Буняминді қайтарып әкелмесем, онда менің екі ұлымның көзін құртуыңызға болады. Маған сеніңіз, оны қайтып алып келемін, — деді.
[38] Бірақ Жақып былай деп шешті: — Ол ұлым сендермен бірге бармайды! Ағасы өлген соң Рахиладан туған ұлдардан жалғыз сол қалды. Жолшыбай бір пәлеге ұшыраса, сендер мені қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалымнан бұрын көрге тығасыңдар!