[1] Сара жүз жиырма жеті жыл өмір сүрді.
[2] Ақырында ол Қанахан елінде, қазір Хеброн деп аталатын Кирият-Арба қаласының маңында дүниеден өтті. Ыбырайым Сараны жоқтап қайғырып, оның шатырына кірді.
[3] Кейін ол мәйіттің қасынан шығып, сол жерде тұрған хеттік ақсақалдарға барып, олардан:
[4] — Мен араларыңызда жүрген жат жұрттық кірмемін. Үйде жатқан марқұм әйелімді жерлеуге ешқандай меншікті жерім жоқ. Маған зират үшін бір жер танабын сатсаңыздар екен, — деп өтінді.
[5] Хеттік ақсақалдардың жауабы мынау болды:
[6] — Қымбатты мырза, бізге құлақ асыңыз. Сіз арамызда Құдайдың батасы қонған көсем болып тұрып жатырсыз. Марқұмды біздегі ең жақсы қабірге апарып қойыңыз. Ешқайсымыз да зиратқа арналған жерлерімізді сізге беруден бас тартпаймыз. —
[7] Сонда Ыбырайым орнынан тұрып, хеттіктерге басын иіп былай деді:
[8] — Егер марқұм әйелімді осы маңайда жерлесін десеңіздер, мына өтінішімді Сохар ұлы Ефронға жеткізсеңіздер екен.
[9] Ол маған өзіне тиісті егістіктің шетіндегі Махпела үңгірін меншікті зират ретінде сатсын. Оған сіздердің көз алдарыңызда толық бағасын беремін.
[10] Хеттік Ефрон да қала қақпасындағы алаңда жиналған жерлестерінің арасында отырған еді. Ол бәрінің алдында Ыбырайымға жауап беріп:
[11] — Жоқ, мырзам, менің ұсынысымды тыңдаңыз. Мен сізге егістікті беремін. Мұндағы ұлттастарымның көзінше сізге егістікте орналасқан үңгірді де қоса беремін. Сонда марқұм әйеліңізді қоярсыз, — деді.
[12] Ыбырайым елдің адамдарына тағы да басын иіп,
[13] барлығының алдында Ефронға былай деді: — Тыңдаңыз, мен сізге егістік үшін тиісті құнын төлеймін, оны қолымнан қабыл алыңыз. Сонда бұл жер марқұм әйелімнің зираты болмақ. —
[14] Ефрон оған ойын білдіріп:
[15] — Мырзам, жарайды. Танаптың құны — төрт жүз мысқал күміс, бұл мен үшін де, сіз үшін де түк емес. Марқұмды сонда жерлей беріңіз, — деді.
[16] Ыбырайым келісіп, хеттіктердің көзінше Ефрон атаған құнды — төрт жүз мысқал күмісті оған саудада қолданылатын өлшем бойынша таразыға салып өлшеп берді.
[17] Осылай Мамренің шығысындағы Махпелада орналасқан Ефронның егістік жері, ондағы үңгір және сонда өсіп тұрған барлық ағаштар
[18] Ыбырайымның меншігіне айналды. Қала қақпасындағы алаңда жиналған хеттік ақсақалдардың барлығы бұған куә болды.
[19] Ыбырайым мұнан кейін Сараның мәйітін Махпела даласындағы сол үңгірге апарып қойды. Бұл жерді Хеброн деп те атайды.
[20] Сонымен хеттіктерден алынған Қанахан еліндегі егістік жер мен ондағы үңгір зират ретінде Ыбырайымның тұрақты меншігіне айналды.