[1] Адамдар жер бетінде көбейе бастап, қыздары да көптеп туылғанда,
[2] өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер адамдардың қыздарының сұлу, бойшаң екенін көріп, таңдап алғандарына үйлене беретін.
[3] Сонда Жаратқан Ие: «Енді Менің Рухым әрдайым адам үшін арпалысқа түспейді, себебі адам әбден бүлінген. Сондықтан ол бұдан былай жүз жиырма жыл ғана өмір сүрсін», — деді.
[4] Сол кезде де, содан кейін де өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер адамдардың қыздарымен жақындасып, олардан бұзақы алыптар туған болатын; бұлар өткен заманда ел танып білген батырлар еді.
[5] Жаратқан Ие адамдардың жер бетінде әбден азғындыққа салынғанын көрді: олардың жүректеріндегі барлық ой-ниеттері әр уақытта зұлымдыққа бейім болды.
[6] Сонда Жаратқан Ие жер бетінде жаратып шығарған адамдардың осындай күнәлі болып кеткеніне қайғырып, қасірет шекті.
[7] Сондықтан Ол: «Мен Өзім жаратқан адамды да, онымен қоса малдарды, бауырымен жорғалаушыларды және аспандағы құстарды да жер бетінен құртып жібермекпін. Өзім жаратқандардың күнәкарға айналғандарына қайғырамын», — деді.
[8] Жаратқан Иенің рақымына тек Нұх қана ие болды.
[9] Мынау Нұхтың шежіресі: Нұх замандастарының арасында әділ де кінәратсыз, Құдаймен тығыз байланыста жүрген адам еді.
[10] Нұхтың Шам, Хам және Япші деген үш ұлы болды.
[11] Құдайдың көз алдында жер беті бүлінген үстіне бүліне беріп, зұлымдыққа толды.
[12] Дүниенің әбден бұзылғанына Құдай көзін жеткізді, себебі жер бетіндегі барлық адамдар азғын өмір сүрді.
[13] Сонда Ол Нұхқа үн қатып, былай деді: «Мен күллі тіршілік иелерінің өмір сүруін тоқтатамын. Жер беті солардың кесірінен зұлымдыққа толды, сол себепті оларды жермен қоса құртып жіберемін.
[14] Сен мықты ағаштан сандық тәрізді кеме тұрғыз, оны бірнеше бөлімдерден тұратын етіп жасап, іші-сыртын қара шайырмен майла.
[15] Оны былай жаса: ұзындығы үш жүз, ені елу, биіктігі отыз шынтақ болсын.
[16] Кеменің үстіне шатыр тұрғыз. Ішін ойып, терезелер жаса, оларды ең жоғарғы жерінде бір шынтақ етіп айналдыра орналастыр. Ал есігін бүйірінен шығар. Кеменің төменгі, ортаңғы, жоғарғы қабаттары болсын.
[17] Біліп ал: Мен аспан астындағы жанды мақұлықтардың бәрін құрту үшін жер бетіне топан су қаптатамын. Жер бетіндегінің барлығы құруға тиіс.
[18] Алайда сенімен Келісімімді жасамақпын. Өзің де, ұлдарың, әйелің және келіндерің де кемеге кіресіңдер.
[19] Тірі жануарлардың әрқайсысынан екі-екіден кемеге бірге ала баруың керек, біреуі еркек, біреуі ұрғашы болсын.
[20] Тіршілікті жалғастыру үшін құстардың, малдардың және бауырымен жорғалаушылардың әр түрінен — барлығынан қос-қостан сенімен бірге ішке кірулері керек.
[21] Ал сен өзіңді және оларды тамақтандыру үшін жеуге жарайтын тағамдардың бәрінен қор жасап ал».
[22] Нұх бұларды мұқият орындады. Ол барлығын да Құдайдың өзіне бұйырғанындай істеді.