[1] Бір кезде Ыбырайымның тұсында болғандай, елді тағы да аштық жайлады. Сонда Ысқақ філістірлердің патшасы Әбумәліктің еліндегі Герар қаласына қарай жол тартты.
[2] Ал Жаратқан Ие Ысқаққа аян беріп: «Мысыр жаққа көшпей, Мен айтқан жерде қоныстанып,
[3] сол елде жат жұрттық болып тұра бер! Саған жар болып, батамды қондырамын. Сенің ұрпақтарыңа осы жерлердің бәрін табыстап, әкең Ыбырайымға берген антымды жүзеге асырамын.
[4] Мен үрім-бұтағыңды аспандағы жұлдыздар сияқты сансыз етіп көбейтіп, оларға осы жерлердің бәрін табыстаймын. Сенің ұрпақтарың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады.
[5] Өйткені Ыбырайым Менің тілімді алып, берген бұйрықтарыма, ережелеріме және өсиет сөздеріме түгел құлақ асып, жүзеге асырды», — деді.
[6] Осылайша Ысқақ Герарда тұрып қалды.
[7] Алайда сол жердің адамдары одан әйелі туралы сұрағанда, Ысқақ оларға: «Ол — менің қарындасым», — деп жауап берді. Себебі Ысқақ «Жергілікті адамдар Рабиғаға бола көзімді құртып жүрер, ол керемет сұлу ғой» деп ойлап, оны әйелім деп айтудан қорықты.
[8] Ысқақ сол жерде едәуір уақыт тұрғаннан кейін, філістір патшасы Әбумәлік бір күні терезеден Ысқақтың әйелі Рабиғаны аймалап жатқанын көріп қалды.
[9] Сонда Әбумәлік Ысқақты шақыртып алып: — Ол сенің әйелің екен ғой! Сен қалайша оны қарындасым деп жүрсің? — деп жекіді. Ысқақ оған: — Өйткені оған бола мені өлтіріп тастар деп ойладым, — деді.
[10] Әбумәлік: — Сен неге бұлай істедің? Жергілікті ер адамдардың біреуі әйеліңе жақындап қоюы мүмкін еді. Сонда біз кінәлі болып қалатын едік, — деп сөкті.
[11] Содан Әбумәлік халыққа мынандай жарлық шығарды: «Кімде-кім мына ерлі-зайыптыға тиіссе, сол өлімге кесіледі!»
[12] Ысқақ осы жерге егін салып, сол жылы одан жүз есе өнім алды, себебі Жаратқан Ие оны жарылқаған болатын.
[13] Осылай ол байи берді. Дүние-мүлкі көбейген үстіне көбейіп, Ысқақ нағыз бай адамға айналды.
[14] Оның ірілі-ұсақты малдарының отар-табындары және құл-қызметшілері көп болғандықтан, філістірлер Ысқаққа қызғанышпен қарай бастады.
[15] Сондықтан олар Ысқақтың әкесі Ыбырайымның тірі кезінде қызметшілеріне қаздырған барлық құдықтарын топырақпен толтырып, бітеп тастады.
[16] Әбумәлік те: «Біздің жақтан көшіп кет, бізден әлдеқайда күшейіп алдың», — деп Ысқаққа теріс қарады.
[17] Ысқақ сол арадан көшіп, шатырларын Герар аңғарына тігіп, қоныстанды.
[18] Сол жерде Ысқақ әкесі Ыбырайымның тірі кезінде қаздырған, бірақ ол өлгеннен кейін філістірлер топырақпен бітеп тастаған құдықтарын қайтадан аршытып, оларды әкесінің қойған аттарымен атады.
[19] Ысқақтың қызметшілері сол аңғарда тағы бір құдық қазып жүріп, судың қайнар көзін тапты.
[20] Алайда герарлық бақташылар оның малшыларымен таласып: «Бұл — біздің суымыз», — деп дау көтерді. Сол құдық үшін дауласқандықтан Ысқақ оны «Дауласу құдығы» деп атады.
[21] Кейін қызметшілері тағы бір құдық қазды. Герарлық бақташылар оған да таласты. Ысқақ оны «Қастасу құдығы» деп атады.
[22] Ысқақ әрірек көшіп барып, сол жерден тағы бір құдық қаздырды. Оған бола дау-жанжал тумағандықтан, Ысқақ оны «Кең өріс құдығы» деп атап: «Жаратқан Ие бізге енді кең өріс сыйлады. Содан біз осы елде өсіп-өнетін боламыз», — деді.
[23] Сол жерден Ысқақ Бер-Шебаға қоныс аударды.
[24] Бұл түні оған Жаратқан Ие аян беріп: «Мен әкең Ыбырайым сиынатын Құдаймын. Қорықпа, әрдайым сені көз алдымда ұстап жарылқаймын. Қызметшім Ыбырайым үшін сенің үрім-бұтағыңды өте көп етемін», — деді.
[25] Ысқақ бұл жерде құрбандық ұсынатын орын салып, Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті. Сол маңайға шатырларын тігіп, қызметшілеріне құдық қаздырды.
[26] Осы екі арада Герар қаласынан Әбумәлік патша кеңесшісі Ахузат пен қолбасшысы Пихолды ертіп алып, Ысқаққа келді.
[27] Ысқақ оларға: — Маған неге келдіңіздер? Менімен өштесіп, қуып жіберген едіңіздер ғой, — деген сұрақ қойды.
[28] Олар: — Біз Жаратқан Иенің сізді көз алдында ұстайтынын анық көріп тұрмыз. Сіз бен біздің арамызда антпен бекітілген келісім болу керек деп шештік. Сондықтан бір-бірімізбен келісімшарт жасасайық.
[29] Біз сізге тиіспей, тек жақсылық жасап, бізден бейбіт түрде кетуіңізге жағдай жасағанымыз сияқты, сіз де бізге жамандық істемейсіз. Сіз қалай дегенмен Жаратқан Иенің батасы қонған адамсыз ғой, — деп жауап берді.
[30] Ысқақ оларға қонақасы беріп, барлығы ішіп-жеді.
[31] Бәрі ертеңіне ерте тұрып, бір-біріне ант берісті. Содан Ысқақ оларды жолға шығарып салып, жылы жүзбен қоштасты.
[32] Сол күні Ысқақтың қызметшілері оған өздері қазған құдық туралы: «Біз су таптық», — деп хабар жеткізді.
[33] Ысқақ сол құдықты Шеба (яғни «Ант») деп атады. Сондықтан кейін сол жерде салынған қала осы күнге дейін Бер-Шеба («Ант құдығы») деп аталып келеді.
[34] (Ысқақтың тұңғышы) Есау қырық жасқа толғанда хеттік Бегеридің қызы Ехудитті және хеттік Елонның қызы Басематты әйелдікке алды.
[35] Бұлар Ысқақ пен Рабиғаға үлкен уайым әкелді.