[1] Сол кезде Ыбырайым тұрған жерінен Қанаханның оңтүстік аймағына көшіп, біраз уақыт Қадеш пен Шурдың арасында тұрды. Сол жерден ол Герар қаласының маңына көшіп барып, сонда жат жұрттық болып уақытша қоныстанды.
[2] Ыбырайым (сол жерде кездескен адамдарға) әйелі Сара туралы: «Бұл — менің қарындасым», — деді. Содан Герардың патшасы Әбумәлік кісі жіберіп, Сараны алдыртты.
[3] Бірақ түнде Құдай патшаға түсінде аян беріп: — Осы әйелдің кесірінен сен өлесің, себебі оның күйеуі бар, — деді.
[4] Әбумәлік Сараға жақындаған жоқ болатын. Сондықтан ол: — Уа, Ием, Сен шынымен кінәсі жоқ халықты құртқың келе ме?
[5] Күйеуінің өзі: «Бұл — менің қарындасым» деді емес пе? Әйелі де: «Ол — менің ағам» деген болатын. Мұны істегенде жүрегім адал, қолым да таза еді, — деп жауап берді.
[6] Сонда Құдай оған түсінде былай деді: — Мен сенің мұны адал жүрекпен істегеніңді білемін. Сол себептен де сені Маған қарсы күнә жасаудан сақтап, оған жақындатпадым.
[7] Енді әйелін күйеуіне қайтар. Ол — пайғамбар, сен үшін Маған сиынып сұрасын, сонда аман қаласың. Біліп қой, егер де әйелін қайтармасаң, өзің де, күллі адамдарың да өлетін боласыңдар.
[8] Әбумәлік таңертең ерте тұрып, бүкіл нөкерлерін жинап алып, осы сөздерді түгелдей баяндап берді. Олар қатты қорқып кетті.
[9] Әбумәлік Ыбырайымды өзіне шақыртып алып, оған жекіп: — Бұл не қылғаның? Мені және патшалығымды сондай үлкен күнәға батыратындай, мен саған қандай жамандық жасадым? Сен маған істемеуге тиістіні істедің, — деді.
[10] Ол Ыбырайымнан: — Сен осыны қандай ниетпен жасадың? — деп те сұрады.
[11] Сонда Ыбырайымның жауабы мынау болды: — Мен бұл жердегілер Құдайдан қорықпайды, сондықтан мені әйелім үшін өлтіріп тастар деп ойладым.
[12] Ол — шынымен де менің қарындасым, өйткені — ол әкемнің қызы, бірақ шешемнің қызы емес, сондықтан да әйелім болды.
[13] Құдай маған әкемнің үйін тастап, ел кезуді бұйырғанда, мен Сараға: «Маған істеген жақсылығың мынау болсын: біз баратын жерлердің бәрінде мені ағам деп айт» деген едім.
[14] Әбумәлік ірілі-ұсақты малдар мен құл-күңдерді таңдап алып, Ыбырайымға сыйға тартты, сондай-ақ оған әйелі Сараны да қайтарып берді.
[15] Патша Ыбырайымға: — Міне, менің елімде сен үшін есік айқара ашық, қалаған жеріңді мекенде, — деп ұсынды.
[16] Сараға да тіл қатып: — Міне, мен сенің ағаңа мың мысқал күміс беріп отырмын. Бұл — қасыңдағы бүкіл жұрттың алдында арыңның тазалығының дәлелі. Осымен бәрі сенің ақталғаныңды білетін болады, — деді.
[17] Ыбырайым Құдайға сиынып мінажат етті. Сонда Ол Әбумәлікті, оның әйелі мен күңдерін сауықтырып, бала туа алатын етті.
[18] Себебі Жаратқан Ие Ыбырайымның әйеліне бола Әбумәліктің үй ішіндегі әрбір әйелді бала көтермейтін етіп тастаған еді.