Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:14

[1] Сонан кейін Жаратқан Ие Нұхқа былай деді: «Үй ішіңмен бірге кемеге кір! Себебі Мен сенің замандастарыңның арасында әділ екеніңді көрдім.

[2] Жер бетіндегі жануарлардың барлық түрлері өмірлерін жалғастыру үшін, адал жануарлардың әрқайсысынан жеті жұптан ал.

[3] Арам жануарлардан екеуден ал, бір еркек, бір ұрғашы болсын және аспандағы құстардың әр түрінен де жеті жұптан ал.

[4] Жеті күн өткен соң Мен жер бетіне қырық күн, қырық түн бойы жауын жауғызамын, жер бетіндегі Өзім жаратқан жаны барлардың бәрін жоқ қыламын».

[5] Нұх барлығын да Жаратқан Иенің өзіне бұйырғанындай істеді.

[6] Жер бетін топан су қаптаған кезде Нұх алты жүз жаста еді.

[7] Ол өзінің ұлдары, әйелі және келіндерімен жерге топан су жайылмас бұрын кемеге кіріп алды.

[8] Жұпталып алынған адал және арам жануарлар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылардың барлығы бір еркек, бір ұрғашыдан

[9] Құдай Нұхқа бұйырғандай оның қасына кемеге кірді.

[10] Содан жеті күн өткеннен кейін жер бетіне топан су жайыла бастады.

[11] Нұх алты жүз жасқа келгенде, екінші айдың он жетісінде — дәл сол күні терең тұңғиықтағы барлық қайнар көздерден су атқылап, әрі «аспан қақпалары айқара ашылып»,

[12] жерге қырық күн, қырық түн бойы жаңбыр құйып тұрды.

[13] Ал Нұх, оның ұлдары Шам, Хам және Япші, Нұхтың әйелі мен келіндері сол күні кемеге кірген еді.

[14] Солармен бірге аңдардың, малдардың, жер бетінде бауырымен жорғалаушылардың және құстардың, қос қанаттылардың барлық түрлерінен,

[15] яғни жаны барлардың бәрінен де, жұптасып Нұхтың қасына кемеге енгендер болды.

[16] Олар Құдай Нұхқа бұйрық еткендей, барлық аңдардан бір еркек, бір ұрғашы болып, ішке кірді. Содан кейін Жаратқан Ие есікті жауып тастады.

[17] Сонымен жер бетін қырық күн бойы топан су қаптады, судың көтерілгені соншалықты, кеме қалқып жүрді.

[18] Жер бетінде су тіптен көбейіп асып-тасып кетті, кеме судың үстінде жүзіп жүрді.

[19] Су жер бетінде көбейіп, көтерілген үстіне көтеріле берді, тіпті аспан астындағы барлық биік таулар да судың астында қалды.

[20] Осылай топан су таулардың шыңдарынан он бес шынтақ биіктікке көтерілді.

[21] Сонда жер бетінде қыбырлап жүрген күллі тірі мақұлықтар: құстар, малдар, аңдар, жер бетінде қаптап жүрген жәндіктер түгелімен және барлық адамзат та суға батып кетті.

[22] Осылайша құрғақ жердегі тіршілік атаулының иелері түгел опат болып,

[23] жер бетіндегінің барлығы жойылды: адамнан бастап малға дейін, бауырымен жорғалаушылардан бастап аспандағы құстарға дейін бәрі де жер бетінен құрып кетті. Тек Нұхпен бірге кеменің ішінде болғандар ғана аман қалды.

[24] Жүз елу күн бойы жер бетінде су үздіксіз көтерілумен болды.

Жаратылыстың баст — Chapters