Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 8:08

[1] Бұдан кейін Жаратқан Ие Ыбырайымға тағы да Мамренің алып емен ағаштары өсіп тұрған тоғайының қасында келіп кетті. Ыбырайым түске таман күн ысығанда шатыр аузында отырған еді.

[2] Ол айналасына көз тастағанда өзінің алдында үш ер адамның тұрғанын көрді. Ыбырайым оларды көре сала, отырған жерінен ұшып түрегеліп, алдарынан шығып, жерге дейін иіліп сәлем берді.

[3] Ыбырайым: — Мырза! Рақымыңыз маған түссе, мендей құлыңыздың қасынан өте шықпасаңыз екен.

[4] Қазір-ақ аяқтарыңызды жуу үшін су әкелінеді. Ағаштың саясына жайғасыңыздар.

[5] Құлдарыңыздың үйінен дәм татпай өтіп кетпеңіздер. Сіздерге тамақ әкелейін, әлденіп тынығып алыңыздар. Содан кейін әрі қарай жылжи берерсіздер, — деп өтінді. Олар: — Жарайды, айтқаның болсын, — деп келісті.

[6] Ыбырайым дереу шатырдағы Сараға барып: — Тез үш табақ ең таңдаулы ұнды илетіп, күлше нан пісірт, — деді.

[7] Өзі табынға жүгіріп барып, семіз баспақты таңдап алып, қызметшісіне берді. Қызметші баспақты тездетіп сойып, етін қазанға асты.

[8] Бәрі дайын болғаннан кейін Ыбырайым айран, сүт және пісірілген баспақ етін алып, Қонақтардың алдына тартты. Олар ағаш саясында тамақтанып жатқан кезде Ыбырайым қастарында болып, өзі қызмет етті.

[9] Қонақтар: — Әйелің Сара қайда? — деп сұрады. Ыбырайым: — Осында, шатырдың ішінде, — деді.

[10] Иеміз: — Келесі жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемін. Сонда әйелің Сараның ұлы болады! — деп уәде берді. Осы сөздерді Қонақтың артындағы шатырдың аузында тұрған Сара да естіді.

[11] Ал Ыбырайым мен Сара қартайған адамдар еді, Сара бала туудан қалған жаста болатын.

[12] Сол себепті ол: «Мен әбден қартайған шағымда осындай қуанышқа кенеле алар ма екенмін? Қожайыным да тым кәрі», — деп іштей күлді.

[13] Ал Иеміз Ыбырайымға: — Сара неліктен күліп тұр? Ол неге «мен енді қартайған шағымда бала туа алар ма екенмін» деп сұрайды?

[14] Жаратқан Ие істей алмайтын тым қиын іс бар ма? Мен белгілі кезде: келесі жылы осы уақытта саған тағы да келемін. Сол кезде Сараның ұлы болады! — деп уәдесін бекітті.

[15] Сара сасып қалып: — Мен күлген жоқпын, — деп мойындамады. Бірақ Иеміз оған: — Жоқ, сен күлдің, — деді.

[16] Қонақтар орындарынан тұрған соң, Содомға қарай бет алды. Оларды жолға шығарып салу үшін Ыбырайым бірге жүрді.

[17] Жаратқан Ие: «Өзімнің не істейтінімді Ыбырайымнан қалай жасырмақпын?

[18] Ыбырайымнан бір үлкен де күшті халық шығады. Менің ақ батам ол арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға жетеді.

[19] Мен Ыбырайымды өз балаларына және кейінгі үрім-бұтағына Менің жолыма түсуді, дұрыстық пен әділдікті істеуді үйрету үшін таңдап алдым. Ыбырайым осылай істегенде Менің оған берген уәдем орындалады», — деді.

[20] Содан Иеміз Ыбырайымға тіл қатып: — Менің атыма Содом мен Ғомора қалаларының үстінен қатты дауыспен айтылған шағым түсіп жатыр. Сол жерде жасалған күнәлар тым ауыр.

[21] Сондықтан Мен жерге түсіп, ондағы әділетсіздік Маған жеткен шағым туғызатындай дәрежеде ме, жоқ па, соған көз жеткізбекпін, — деді.

[22] Содан кейін ер адамдар бұрылып алып, Содом жаққа беттеді. Бірақ Ыбырайым Иеміздің алдында тұра қалды.

[23] Оған жақындап, былай деп өтінді: — Сонда Сен зұлыммен бірге әділді де құртпақсың ба?

[24] Мүмкін, қалада елу әділ адам бар шығар, Сен оларды шынымен құртпақсың ба? Сол жерге ондағы елу әділ адам үшін рақым еткің келмей ме?

[25] Сен осылай істеп, әділ жанды жауызбен бірге өлтіріп, оған арам кісіге қарағандай қараудан аулақсың ғой. Бүкіл әлемді Соттаушы әділетті шешім қабылдамаушы ма еді? —

[26] Сонда Иеміз: — Егер Мен Содом қаласынан елу әділ адамды тапсам, соларға бола ол жерге рақым етемін, — деді.

[27] Ыбырайым: — Мен күл мен топырақтан жаралған пенде болсам да, Иеммен сөйлесіп тұрмын.

[28] Мүмкін, әділ адамдардың саны елу емес, одан бесеуі кем шығар, сонда бесеуіне бола бүкіл қаланы құртпақсың ба? — деп сұрады. Иеміз оған: — Егер Мен одан қырық бес әділ кісі тапсам, сол қаланы құртпаймын, — деді.

[29] Ыбырайым сөзін әрі қарай жалғастырды: — Мүмкін, ол жерде тек қырық әділ кісі болатын шығар. — Иеміз: — Мен қырық әділ адам үшін де оларға тиіспеймін, — деп жауап берді.

[30] Ыбырайым сонда: — Уа, Ием, мен тағы да айтқанда ашулана көрме. Мүмкін, ол жерде отыз ғана әділ адам бар болса ше? — деп сұрады. Иеміз оған: — Ол жерде отыз әділ адам болса да, Мен оған тиіспеймін, — деп жауап қатты.

[31] Ыбырайым тағы былай деді: — Мен Иеме еркінсіп тіл қатып тұрмын. Мүмкін, ол жерде тек жиырма әділ кісі болатын шығар. — Иеміз: — Жиырма әділ кісі болғанда Мен қаланы қиратпаймын, — деді.

[32] Ыбырайым Одан: — Уа, Ием, мен тағы бір рет қана айтсам, ашулана көрме. Егер ол жерден небәрі он-ақ табылса ше? — деп сұрады. Иеміз: — Мен ол жерді он әділ кісі үшін де құртпаймын, — деп уәде берді.

[33] Иеміз Ыбырайыммен сөйлесіп болған соң, кетіп қалды. Ал Ыбырайым үйіне қайтты.

Жаратылыстың баст — Chapters