Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:17

[1] Осы оқиғалардан кейін Жаратқан Ие Ыбырамға аян беріп: — Ыбырам, қорықпа! Мен сені қалқандай қорғаймын. Саған берілер сыйлық аса зор болады, — деді.

[2] Бірақ Ыбырам жауап беріп былай деді: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, Сен маған қандай сыйлық бермексің? Мен әлі де ұрпақсыз келемін. Үйіме дамаскілік қызметшім Елиезер иелік етпек. —

[3] Ыбырам тағы: — Сен маған бала сыйламадың, сондықтан мұрагерім үйімдегі бір қызметшім болады, — деп те мұңын шақты.

[4] Ал Жаратқан Ие оған сөзін арнап: — Мұрагерің ол емес, сенен туатын ұл болады! — деді.

[5] Содан оны сыртқа алып шығып: — Аспанға қарап жұлдыздарды санашы! Сен оларды санай алар ма екенсің? Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады! — деп уәде берді.

[6] Ыбырам Жаратқан Иеге сенді, сондықтан Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады.

[7] Тәңір Ие Ыбырамға тағы да тіл қатып: — Мен Жаратқан Иемін. Сені осы елді иемденсін деп халдейлік Ур қаласынан алып шыққан Менмін, — деді.

[8] Ал Ыбырам: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, оны иемденетінімді мен қалай нақты біле аламын? — деп сұрады.

[9] Сонда Иеміз оған: — Маған бір-бірден үш жасар сиыр, ешкі, қошқарды әрі орман кептері мен жас көгершінді алып кел, — деп бұйырды.

[10] Ыбырам соның барлығын әкеліп, оларды сойып, ортасынан қақ бөліп, бөліктерді бір-біріне қарсы қойды. Ол тек құстарды ғана бөлмеді.

[11] Жыртқыш құстар сойылған малдардың етіне қонды, бірақ Ыбырам оларды қуып жіберді.

[12] Күн батқанда Ыбырамды керемет ұйқы басты. Сол сәтте ол түсінде қара түнекті көріп, қатты қорқып кетті.

[13] Ал Жаратқан Ие Ыбырамға тіл қатып: — Біліп ал: сенің ұрпақтарың бөтен елде жат жұрттық келімсектер ретінде тұратын болады. Сол жерде олар төрт жүз жыл бойы құлдықта болып жәбірленеді.

[14] Бірақ оларды құл еткен халықты Мен жазалаймын. Бұдан кейін сенің ұрпақтарың сол елден мол дүние-мүлікпен көшіп шығады.

[15] Ал сен болсаң, жасың ұлғайған шағыңда ақ өліммен бабаларыңның қасына аттанып, жер қойнына кіресің.

[16] Сенің үрім-бұтағың осы елге төрт ұрпақтан кейін ғана қайтып келеді. Себебі аморлықтардың күнәлары әлі шегіне жеткен жоқ, — деді.

[17] Күн батып, қараңғылық орнаған кезде, міне, пештен шыққан іспетті түтін мен лаулап жалындаған от бір-біріне қарсы жатқан мал бөліктерінің ортасынан өте шықты.

[18] Сол кезде Жаратқан Ие Ыбыраммен Келісім жасап: — Мен сенің үрім-бұтағыңа Мысырдың шетіндегі өзеннен бастап үлкен өзен — Евфратқа дейін жайылған осы елді беремін.

[19] Онда кендіктер, кеназдықтар, қадмондықтар,

[20] хеттіктер, перездіктер, рафалықтар,

[21] аморлықтар, қанахандықтар, гергестіктер және ебустіктер тұрып жатыр, — деді.

Жаратылыстың баст — Chapters