Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:17

[1] Құдай Нұхты және онымен бірге кемедегі барлық аңдар мен малдарға мейірімділік көрсетіп, жер бетінде жел тұрғызды. Осылай су тартыла бастады.

[2] Тұңғиықтағы қайнар көздер бітеліп, «аспан қақпалары жабылып», жаңбыр басылды.

[3] Жер жүзіндегі судың беті қайтып, жүз елу күн бойы су біртіндеп тартыла берді.

[4] Содан жетінші айдың он жетінші күні болғанда, кеме Арарат тауларының үстіне тоқтады.

[5] Су оныншы айға дейін үздіксіз азайып, оныншы айдың бірінші күні тау шыңдары көріне бастады.

[6] Қырық күн өткенде Нұх кемедегі өзі жасаған терезені ашып,

[7] бір қара қарғаны сыртқа ұшырып жіберді. Қарға жер бетіндегі су кепкенше келіп-кетіп ұшып жүрді.

[8] Содан кейін Нұх жер бетіндегі судың азайғанын тексеру үшін бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді.

[9] Бірақ көгершін қонақтауға орын таппай, кемеге қайта оралды, себебі жер бетін әлі де су басып тұрған еді. Нұх қолын сыртқа созып, көгершінді қайтадан кемеге кіргізіп алды.

[10] Ол жеті күн күте тұрып, тағы да сол көгершінді кемеден ұшырып жіберді.

[11] Көгершін кешке қарай оған қайтып оралғанда, жаңа көктеген зәйтүн ағашының бір жапырағын тұмсығына қыстырып ала келді! Осылайша Нұх жер бетіндегі судың қайтқанын білді.

[12] Дегенмен ол тағы жеті күн күтті, содан кейін қайтадан бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді. Бұл жолы көгершін қайта оралмады.

[13] Нұхтың алты жүз бір жасқа толған жылының бірінші айының бірінші күні жер бетіндегі су тартылған еді. Нұх кеменің шатырын ашып қарағанда, жер кеуіпті!

[14] Екінші айдың жиырма жетінші күні жер беті мүлдем құрғақ болды.

[15] Сол кезде Құдай Нұхқа былай деді:

[16] «Әйелің екеуің кемеден шығыңдар, ұлдарың мен келіндерің де шықсын.

[17] Кемеде болған түрлі құстарды, малдарды және жер бетінде жорғалап жүргендерді сыртқа алып шық, олар жер бетін жайлап, өсіп-өніп көбейсін».

[18] Сонда Нұх ұлдары, әйелі және келіндерімен бірге кемеден шықты.

[19] Барлық аңдар мен малдар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылар түр-түрімен, үйірімен түгел кемеден сыртқа шықты.

[20] Нұх Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын жасады. Содан кейін ол малдың және құстың барлық адал түрлерінен біразын алып, оларды құрбандыққа шалып, өртеп жіберді.

[21] Құрбандықтардың жағымды иісі Жаратқан Иеге жеткенде, Ол іштей былай деді: «Адамның жүрегіндегі ой-ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім болса да, Мен бұдан былай еш уақытта жерді адамдарға бола қарғамаймын. Енді ешқашан да Өзім жасағандай барлық тіршілік атаулыны құртып жібермейтін боламын.

[22] Бұдан былай, жер жер болып тұрған уақытта, тұқым себу мен егін ору, аяз бен ыстық, жаз бен қыс, күн мен түн үздіксіз бола бермек».

Жаратылыстың баст — Chapters