Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:26

[1] Сонда Жүсіп айналасында тұрған қызметшілерінің алдында өзін ұстай алмай, оларға: «Бәрің де кетіңдер қасымнан!» — деп айқайлап жіберді. Жүсіп бауырларына өзінің кім екенін айтқанда қасында бөтен ешкім де қалмады.

[2] Оның дауыстап жылағаны соншалықты, соны сырттағы мысырлықтар да естіп, бұл туралы хабар перғауынның сарайына да жетті.

[3] Жүсіп бауырларына қарап: — Мен Жүсіппін ғой! Әкем шынында да әлі күнге дейін тірі ме? — деп сұрады. Бірақ олар оның алдында қатты абыржып қалғандықтан жауап бере алмады.

[4] Жүсіп оларға: — Маған жақындаңдар! — деп, олар қасына келгенде мынаны айтты: — Мен сендер Мысырға сатып жіберген Жүсіппін!

[5] Ал енді, ештеңені уайымдамаңдар, мені осында сатып жібердік деп өздеріңді кінәламаңдар! Өйткені Құдайдың Өзі мені осы жерге өмірлеріңді сақтап қалу үшін сендерден бұрын жіберді.

[6] Елді аштық жайлағалы екі жыл өтті, енді келесі бес жыл бойы да жер өңделіп, астық егілмейді.

[7] Ұрпақтарыңның жер бетіндегі өмірін жалғастыру үшін сендерді ұлы іспен құтқарып, аман-есен қалдыру үшін Құдай мені мұнда өздеріңнен бұрын жіберді.

[8] Осылайша сендер емес, Құдай мені бұл жерге жіберді! Ол мені перғауынға әке іспетті бас кеңесші қылып тағайындап, сарайына қожайын, бүкіл Мысыр еліне билеуші етіп қойды.

[9] Енді сендер тезірек әкеме жетіп, оған мына сөздерімді жеткізіңдер: «Ұлыңыз Жүсіп сізге былай деп сәлем жолдайды: Құдай мені бүкіл Мысыр елінің әміршісі етіп қойды. Көп кешікпей көшіп келіп,

[10] Гөшен аймағына қоныстаныңыз. Сонда балаларыңыз, немерелеріңіз, ірілі-ұсақты малдарыңыз және бар дүние-мүлкіңізбен бірге менің қасымда тұрыңыз.

[11] Сізге сол жерде қарайласпақпын, өйткені аштық әлі де бес жылға созылады. Егер олай етпесеңіз өзіңіз, үй ішіңіз және барлық адамдарыңыз жоқшылыққа ұшырайсыздар».

[12] Міне, өздерің де, інім Бунямин де өз көздеріңмен көріп тұрсыңдар: сендермен сөйлесіп тұрған мен Жүсіппін!

[13] Әкеме мені мұнда қалай қадірлейтіні және өздерің көріп, білген басқа нәрселер туралы да айтып беріңдер! Тезірек барып, әкемді осында жеткізіңдер! — деді де,

[14] бірге туған інісі Буняминді мойнынан құшақтап егіле жылады, ол да құшақтап жылай берді.

[15] Жүсіп барлық ағаларының да беттерінен сүйіп, құшақтап жылады. Бұдан кейін ағалары онымен сөйлесе бастады.

[16] Жүсіптің бауырлары келіпті деген хабар сарайға жеткенде, перғауын мен оның нөкерлері бұған қуанып қалды.

[17] Патша Жүсіпке: — Сен бауырларыңа мынаны айт: «Есектеріңе астық артып алып, Қанахан еліне тартыңдар.

[18] Сонан соң әкелерің мен отбасыларыңды алып, маған келіңдер. Сендерге жердің өнімін жеу үшін Мысыр елінің ең жақсы бөлігін беремін».

[19] Оларға міндетті түрде тағы да былай де: «Әйелдеріңе, балаларыңа арнап Мысырдан күймелер ала кетіп, әкелеріңді өз жұртымен осы жерге көшіріп әкеліңдер.

[20] Ол жақтағы дүние-мүліктеріңді ойлап уайымдамаңдар, өйткені Мысырдың ең жақсысы сендердікі болады», — деді.

[21] Исраилдің ұлдары солай істеді. Перғауынның тапсырмасы бойынша Жүсіп оларға күймелер және жол азық берді.

[22] Әрқайсысына бір-бірден шапан жауып, Буняминге үш жүз мысқал күміс және бес әдемі шапан сыйлады.

[23] Ал әкесіне арнап он есекке артып, Мысырдың ең жақсы заттарын, тағы он ұрғашы есекке тиеп, астық, нан, жол азық жіберді.

[24] Жүсіп ағаларымен қоштасып, сапарға шығарып салды. Кетерінде оларға: «Жолда бір-біріңмен ұрсыспаңдар!» — деп ескертті.

[25] Олар Мысырдан шығып, Қанахан еліне әкелері Жақыпқа келгенде,

[26] оған: «Жүсіп тірі екен! Ол — бүкіл Мысырдың әміршісі!» — деген хабарды жеткізді. Ал ұлдарының айтқандарына сенетіндей Жақыптың жүрегі бүлк етпеді.

[27] Олардан Жүсіптің сөздерінің бәрін естіп, оның жіберген күймелерін көргеннен кейін ғана Жақып (Исраил) рухтанып:

[28] «Көзім жетті: ұлым Жүсіп әлі тірі екен. Мен сонда барып, оны өлмей тұрғанымда көріп қалайын!» — деп шешті.

Жаратылыстың баст — Chapters