Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:38

[1] Рахила өзі Жақыпқа бала туып бермегендіктен әпкесіне қызғана қарап, күйеуіне: — Маған бала берші, әйтпесе өлемін! — деді.

[2] Жақып оған: — Саған бала тууды бұйыртпаған Құдай мен емеспін ғой! — деп қатты ашуланды.

[3] Ал Рахила: — Мынау күңім Балха, сонымен жақындас. Ол мен үшін бала туып берсін, соның арқасында мен де балалы болайын, — деп,

[4] Балханы Жақыпқа қосты. Онымен бірге болған соң,

[5] күңнің аяғы ауырлап, ұл туды.

[6] Сонда Рахила: «Құдай құқығымды қорғап, төрелік етті. Ол өтінішіме құлақ асып, маған ұл сыйлады», — деді де, баланы Дан («Төреші») деп атады.

[7] Бұдан кейін Рахиланың күңі Жақыпқа тағы бір ұлды туып берді.

[8] Сонда Рахила: «Мен әпкеммен жүргізген зор тартысымда оны жеңіп шығудамын», — деп, оған Нафталим («Тартысым») деген есім берді.

[9] Лия өзінің тумай қалғанын көрген соң, күңі Зилпаны Жақыпқа қосты.

[10] Зилпа да Жақыпқа ұл туып берді.

[11] Сонда Лия: «Бұл не деген бақыт!» — деді де, оны Ғад («Бақыт») деп атады.

[12] Кейін Лияның күңі Зилпа Жақыпқа екінші ұлын туды.

[13] Сонда Лия: «Мен қандай қуанышқа кенелдім! Барлық әйелдер мені қуанышты деп атайтын болады», — деп, балаға Ашир («Қуанышты») деген ат қойды.

[14] Рубен егін орағы кезінде даладан махаббат алмасы деген жемістер тауып алып, шешесі Лияға алып келді. Сонда Рахила Лиядан: — Ұлыңның махаббат алмасынан берші, — деп сұрады. Ал Лия:

[15] — Сен күйеуімді тартып алғаның аз болғандай, енді баламның махаббат алмаларын да алғың келе ме? — деп бермей қойды. Ал Рахила: — Егер маған ұлыңның әкелген жемістерін берсең, онда Жақып бүгін түнде сенімен болсын, — деді.

[16] Жақып кешке даладан келгенде, Лия оның алдынан шығып: «Бүгін түнде менімен бірге болсаңыз екен. Соны ұлымның әкелген махаббат алмаларына сатып алдым», — деді. Содан ол түнді Лиямен өткізді.

[17] Құдай Лияның тілегін қабылдап, ол екіқабат болып, Жақыпқа бесінші ұлды туды.

[18] Сонда Лия: «Мен күңімді күйеуіме бергенім үшін Құдай маған есесін қайтарып, осы баламды сыйлады», — деп, ұлын Исашар (яғни «Есе») деп атады.

[19] Кейінірек Лия тағы да бала көтеріп, Жақыпқа алтыншы ұлын туып берді.

[20] Сонда ол: «Құдай маған құнды сыйлық тартты. Енді күйеуім мені сыйлап, бірге қалатын болады, өйткені оған алты ұл тауып бердім», — деп, оның есімін Забулон («Сый») деп қойды.

[21] Мұнан соң Лия бір қыз туып, оны Дина («Төрелік») деп атады.

[22] Ақырында Құдай Рахиланы мейірімділікпен есіне түсіріп, тілегіне құлақ асып, оған да ана болу бақытын сыйлады.

[23] Рахила ұл туып: «Құдай мені масқаралықтан құтқарды», — деді.

[24] Баласына Жүсіп («Қосып берсін») деген ат қойып: «Жаратқан Ие маған тағы бір ұлды қосып берсін!» — деді.

[25] Рахила Жүсіпті туғаннан кейін Жақып Лабанға тіл қатып: — Маған өз жеріме, туған еліме қайта оралуыма рұқсат етіңіз.

[26] Мен жолға шығайын, әйелдерім мен балаларымды беріңіз, солар үшін қызмет еттім ғой. Сізге қаншалықты қызмет жасағанымды өзіңіз білесіз, — деді.

[27] Лабан: — Сенің маған істеген жақсылығың сол болсын, осында қал. Жаратқан Иенің мені саған бола жарылқап жүргенін байқап жүрмін.

[28] Алуға тиісті ақыңды өзің белгілеші, мен оны төлемекпін, — деп жауап қатты.

[29] Жақып оған: — Сізге қаншалықты қызмет еткенімді, менің арқамда малыңыздың қаншама өскенін өзіңіз білесіз.

[30] Мен келгенде сізде болған азғана дүние әлдеқайда көбейді. Жаратқан Ие сізді менің қолым тиген әрбір жұмыста жарылқап отырды. Ал енді, қашан мен өз үйім үшін бірдеме істей аламын, соны айтыңызшы? — деп наразылық танытты.

[31] Лабан: — Мен саған не беруім керек? — деп сұрады. Жақып: — Маған түк бермей-ақ қойыңыз. Мына ұсынысымды қабылдасаңыз, ұсақ малдарыңызды әрі қарай баға берейін.

[32] Бүгін барлық отарларыңызды аралап шығайық. Сонда әрбір теңбіл, ала қойды, қара қозыны және теңбіл, ала ешкіні маған айырып беріңіз, олар еңбек ақым болсын.

[33] Келешекте сізге адалдығымды былайша дәлелдемекпін: сіз ақымды көру үшін келген кезде менің отарымдағы әрбір теңбіл, ала емес ешкі, қара емес қой ұрланған болып табылсын, — деген ұсыныс жасады.

[34] Лабан: — Жарайды, айтқаныңдай болсын, — деп келісті.

[35] Алайда сол күні Лабан (айлакерлік жасап) ұрғашысы бар, еркегі бар барлық ала, тарғыл ешкілер мен қара қозыларды өзіне айырып алып, ұлдарының қарамағына жіберді де,

[36] Жақыптың қасынан үш күндік жерге қоныс аударды. Ал өзінің қалған ұсақ малдарын Жақыпқа бақтырып қойды.

[37] Сонда Жақып теректің, бадам ағашының, шынардың жас шыбықтарын алып, ақ жолақтары айқын көрінетіндей етіп қабықтарын аршыды.

[38] Шыбықтарды мал су ішкенде көз алдарында жату үшін науалардың ішіне салып қойды. Қойлар ала шыбықтар жатқан науаның қасына келіп,

[39] бір-бірімен шағылысқанда, олардан тарғыл, қара ала қозылар туды.

[40] Жақып тарғыл, қара ала қошақандарды айырып алып, өзі бағып жүрген отардың алдыңғы жағына қарай айдап отырды. Осылай ол өзіне жеке отар дайындап алып, қойларын Лабанның малына жуытпай бақты.

[41] Күйлі малдар шағылысар кезде Жақып қойлар ала шыбықтарға қарап шағылыссын деп соларды науалардың ішіне салып қойып жүрді.

[42] Бірақ нашар малдар шағылысқанда шыбықтарды науаға салмайтын. Осылайша Лабанның үлесіне нашар қойлар тисе, Жақып күйлі малға ие болды.

[43] Осы айламен Жақып әбден байып, отар-отар ұсақ малдар, түйелер және есектерге әрі құл-қызметшілерге ие болды.

Жаратылыстың баст — Chapters