Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:54

[1] Кейін Жүсіп үй басқарушысына мынадай тапсырма берді: «Жігіттердің қаптарын көтере алғандарынша астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген ақшасын қабының аузына сал!

[2] Ал кенжелерінің қабының аузына ақшасымен бірге менің күміс тостағанымды да салып қой!» Үй басқарушысы Жүсіптің айтқанын орындады.

[3] Ертеңіне жарық түсе ағайындылар есектеріне астық артып алып, жолға шықты.

[4] Олар қаладан ұзап шықпай жатып, Жүсіп үй басқарушысына былай деп бұйырды: — Тұр, аналардың артынан қу! Қуып жеткен кезде оларға мынаны айт: «Неге сендер жақсылыққа жамандықпен жауап қайтарып,

[5] күміс тостағанды ұрлап кеттіңдер? Бұдан қожайыным ішеді ғой. Мұны ол жаман ырымға жорып отыр. Сендер зұлымдық жасадыңдар!»

[6] Үй басқарушысы оларды қуып жетіп, осы сөздерді айтып берді.

[7] Олар оған жауап қайтарып: — Мырзамыз мұндай сөздерді неге айтады? Алдыңыздағы құлдарыңыз ондай қылықты істеуден мүлдем аулақ жүреміз!

[8] Біз тіпті қаптың ішінен тапқан ақшаны да Қанахан елінен сізге қайтып алып келдік қой. Қалай біз қожайыныңыздың үйінен күміс не алтынды ұрламақпыз?

[9] Күміс тостаған қайсымыздан табылса, сол өлім құшсын, ал біз бәріміз қожайынымыздың құлына айналайық, — деді.

[10] Үй басқарушысы сонда: — Жарайды, айтқандарың болсын! Тостаған кімнен табылса, сол менің құлым болады! Ал қалғандарың бос боласыңдар, — деп шешті.

[11] Олар тездетіп қаптарын жерге түсірді де, әркім өз қабының аузын ашты.

[12] Үй басқарушысы үлкенінен бастап кішісіне дейін бәрінің қаптарын тінтіп шықты. Сонда тостаған Буняминнің қабынан табылды.

[13] Қатты қапаланған олар көйлектерінің өңірін айыра жыртты. Есектеріне жүктерін артып, қалаға қайта оралды.

[14] Яһуда бауырларымен Жүсіптің сарайына келіп жеткенде ол әлі сонда еді. Жігіттер оның алдына жығылып тағзым етті.

[15] Жүсіп оларға: — Сендер не істедіңдер? Мен сияқты адамның осындай жайттарды сөз жоқ болжай алатынын білмеп пе едіңдер? — деп тіл қатты.

[16] Яһуда: — Тақсыр иемізге не айта аламыз? Енді біз не дейміз, кінәсіз екенімізді қалайша дәлелдейміз? Құдай кінәмізді әшкереледі. Біз де, тостағанды алған адам да бұдан былай тақсыр иеміздің құлдары боламыз, — деп жауап берді.

[17] Жүсіп: — Мен олай істеуден аулақпын! Тостаған кімнен табылса, сол ғана менің құлым болады. Ал қалғандарың тыныштықпен әкелеріңе жүре беріңдер! — деп шешті.

[18] Сонда Яһуда тұрып, Жүсіпке былай деді: — Уа, тақсыр ием, маған бір ауыз сөз айтуға рұқсат етсеңіз екен. Сіз перғауынға пара-пар болсаңыз да, осы пендеңіздің сөйлеп тұрғанына ашулана көрмеңіз.

[19] Тақсыр ием, сіз: «Әкелерің немесе інілерің бар ма?» деп сұраған едіңіз ғой.

[20] Сонда біз иемізге: «Әкеміз бар, ол кәрі. Оның қартайған шағында туған кенже баласы бар. Соның бірге туған ағасы өлді, енді бұл — шешесінен қалған жалғыз ұл. Сондықтан әкеміз оны қатты жақсы көреді» деп жауап бердік.

[21] Сонда сіз осы құлдарыңызға: «Оны көргім келеді, маған алып келіңдер!» деп әмір еттіңіз.

[22] Ием, біз өзіңізге: «Жас жігіт әкесін жалғыз қалдырып кете алмайды. Егер ол қасынан кетсе, әкесі өліп қалады» дедік.

[23] Ал сіз: «Кенже інілерің сендерге еріп келмесе, менің көзіме қайтадан көрінбеңдер!» деп бұйырдыңыз.

[24] Содан біз сіздің құлыңыз — өз әкемізге қайта оралғанда оған тақсыр иеміздің бұйырғандарын жеткіздік.

[25] Кейінірек әкеміз бізге: «Тағы да барып, аздап астық сатып алып келіңдер!» дегенде

[26] біз: «Олай бара алмаймыз. Егер кенже ініміз бірге жүрсе, барамыз. Онсыз сол адамның көзіне көріне алмаймыз» дедік.

[27] Сонда әкеміз бізге былай деді: «Сендер әйелім Рахиланың маған екі-ақ ұл туып бергенін білесіңдер.

[28] Олардың біреуі қасымнан кетіп, жоқ болды. Жыртқыш аң жарып тастаған шығар деймін, өйткені күні бүгінге дейін оны қайтып көрген емеспін.

[29] Енді сендер менен тағы мына ұлымды алып кетіп, ол да жолшыбай пәлеге ұшыраса, онда мені қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалынан бұрын көрге тығатын боласыңдар!»

[30] Сондықтан егер мен сіздің құлыңыз — өз әкеме қайта оралғанда қасымда оның жанындай жақсы көретін баласы жоқ болып шықса,

[31] онда ол мұны көріп, сол жерде өледі. Осылай біз ақ шашты әкемізді қайғыға батырып, ажалынан бұрын көрге кіргіземіз.

[32] Уа, тақсыр ием, мен жас жігіттің қауіпсіздігіне басыммен жауап беремін деп әкеме уәде беріп: «Егер мен оны сізге қайта алып келмесем, онда сіздің алдыңызда өмір бойы кінәлі болып өтейін» деген болатынмын.

[33] Сондықтан бұл жігіттің орнына мені құлдыққа алып қалып, оны ағаларымен бірге жібере көріңіз!

[34] Жас жігіт қасымда болмаса, не бетіммен әкеме барамын? Әкемнің басына түскен бақытсыздығын көрмесем екен! — деп жалынды Яһуда.

Жаратылыстың баст — Chapters