Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:48

[1] Сонда Ысқақ Жақыпты шақырып алып, оған батасын беріп, былай деп өсиет айтты: «Сен қанахандық әйелге үйленбе!

[2] Одан да жолға жиналып, солтүстік Месопотамияға, шешеңнің әкесі Бетуелдің үйіне барып, әйелді сол жерден, шешеңнің ағасы Лабанның қыздарының біреуінен ал!

[3] Құдіреті шексіз Құдай сені жарылқап, ұрпақты етіп, сенен бір топ ұлттарды таратсын!

[4] Құдайдың Ыбырайымға берген батасы саған да, ұрпақтарыңа да қонсын. Осылай Құдай бір кезде Ыбырайымға уәде еткен, қазір сен жат жұрттық болып тұрып жатқан осы елді иемденіп алыңдар!»

[5] Осылай деп, Ысқақ оны қоя берді. Жақып арамалық Бетуел ұлы Лабанға қарай жол тартты. Лабан шешесі Рабиғаның туған ағасы болатын.

[6] Ал Есау болса, Ысқақтың Жақыпты әйел алу үшін солтүстік Месопотамияға жібергенін, оған батасын беріп тұрып: «Қанахандықтардың қыздарына үйленбе!» — деп өсиеттегенін

[7] және Жақыптың әке-шешесінің тілін алып, сол жаққа кеткенін естіді.

[8] Осы арқылы Есау әкесінің (жалған тәңірлерге табынатын) қанахандық әйелдерді қаншалықты жаратпайтынына көзін жеткізді.

[9] Сондықтан ол Ыбырайым ұлы Ысмағұлға барып, әйелдерінің үстінен оның қызы, Набайоттың қарындасы Махалатты да әйелдікке алды.

[10] Ал Жақып Бер-Шебадан шыққаннан кейін, Харанға қарай беттеген еді.

[11] Күн батып кеткендіктен, жеткен жерінде түнеп қалды. Ол сол жерден бір тасты алып, басына жастанды да, ұйқыға кетті.

[12] Ұйықтап жатып, түс көрді. Түсінде оған жерден көкке дейін жетіп тұрған баспалдақ көрінді. Құдайдың періштелері оның үстімен бір шығып, бір түсіп жүр екен.

[13] Соның басында тұрған Жаратқан Ие аян беріп былай деді: «Мен Жаратқан Иемін, атаң Ыбырайым мен әкең Ысқақтың сиынатын Құдайымын. Сен ұйықтап жатқан жерді саған және ұрпақтарыңа беремін.

[14] Сенің үрім-бұтағың жер бетіндегі құм түйіршіктеріндей сансыз көп болады. Батыс пен шығысқа, солтүстік пен оңтүстікке тарайсыңдар. Өзің және ұрпақтарың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға батам қонады.

[15] Біліп ал, Мен саған жар болып, қайда барсаң да қорғаймын, кейін сені осы жерге қайта алып келемін. Мен сені жалғыз қалдырмаймын, саған қандай уәде берсем, соның бәрін орындаймын».

[16] Жақып оянып: «Шынында Жаратқан Ие осы жерде екен! Ал мен мұны еш білмеппін, — деп,

[17] қорқып тұрып: — Мына жер неткен киелі еді! Бұл — Құдайдың үйі, мұнда көкке апаратын қақпа тұр екен!» — деді.

[18] Ертеңіне Жақып ерте тұрып, басына жастанған тасты ескерткіш ретінде тұрғызды. Ол соның үстіне май құйып, оны Құдайға бағыштады.

[19] Осы жерге Жақып Бетел (яғни «Құдайдың үйі») деген ат қойды; бұрын ол Лұз деп аталған еді.

[20] Содан Жақып ант етіп былай деп уәде берді: «Егер Құдай маған жар болып, осы сапарымда аман сақтаса, жейтін нан, киетін киіммен қамтамасыз етіп,

[21] әкемнің үйіне аман-есен қайтарса, онда Жаратқан Ие менің сиынатын Құдайым болады.

[22] Мен ескерткіш ретінде орнатқан осы тас Құдайға ғибадат ететін орын болмақ. Я, Құдайым, Сенің маған беретініңнің барлығының оннан бір бөлігін Өзіңе арнамақпын».

Жаратылыстың баст — Chapters