[1] Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты.
[2] Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты; суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды. Ал Құдайдың Рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді.
[3] Сонда Құдай: «Жарық пайда болсын!» — деп бұйырды. Осылай жарық пайда болды.
[4] Құдай жарыққа қарап, оның жақсы екенін көрді. Ол жарықты қара түнектен бөліп,
[5] жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл бірінші күн еді.
[6] Содан кейін Құдай: «(Айнала тұманданып тұрған) суды ортасынан бөліп тұратын әуе кеңістігі пайда болсын!» — деп бұйырды.
[7] Осылай Ол әуе кеңістігін жасап, соның астындағы суды үстіндегі судан бөлді. Солай болды да.
[8] Құдай әуе кеңістігін аспан деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл екінші күн еді.
[9] Мұнан соң Құдай: «Аспан астындағы су бір жерге жиналып, құрлық көрініп тұратын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
[10] Құдай құрлықты жер, ал жиналған суды теңіздер деп атады. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді.
[11] Құдай енді: «Жер жасыл өсімдіктерді: тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар алуан түрлі жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
[12] Жер жасыл өсімдіктерді: түрлеріне қарай тұқым шашатын өсімдіктерді әрі дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарды. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
[13] Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл үшінші күн еді.
[14] Сонан соң Құдай: «Аспан кеңістігінде шырақтар орнасын! Олар күндіз бен түнді бір-бірінен ажыратып, арнайы мезгілдерді, күндер мен жылдарды белгілеп,
[15] жерге нұрын шашу үшін аспан кеңістігінде жарқырайтын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
[16] Құдай үлкенірегі күндізге, кішірегі түнге билік жүргізетін жарқыраған екі үлкен аспан шырағын әрі жұлдыздарды жаратты.
[17] Құдай оларды жерге жарық түсіріп, күндіз бен түнге билік жүргізіп, жарықты қараңғыдан ажырату үшін аспан әлеміне орналастырды. Құдай мұның да жақсы екенін көрді.
[19] Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл төртінші күн еді.
[20] Сонан соң Құдай: «Теңіздер, көлдер және өзендер су жәндіктеріне толсын, әрі аспандағы әуе кеңістігінде құстар ұшып жүрсін!» — деп бұйырды.
[21] Осылай Құдай суды мекендейтін алып жануарларды, суда қаптап жүрген басқа да жануарлар мен жәндіктердің барлық түрін, сонымен бірге қанаттыларды да түр-түрімен жаратты. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
[22] Оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер, теңіздерді толтырыңдар, құстар да жер бетінде көбейсін!» — деп бұйырды.
[23] Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл бесінші күн еді.
[24] Содан кейін Құдай: «Жер әр қилы тіршілік иелерін: малдар, бауырымен жорғалаушылар және аңдарды түр-түрімен шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
[25] Құдай әр қилы аңдар мен малдарды және бауырымен жорғалаушыларды түр-түрімен жаратты. Ол жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
[26] Құдай енді: «Біз (рухани жағынан) Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Адамдар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малдар мен аңдарға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға билік жүргізсін», — деді.
[27] Осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) Өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты.
[28] Құдай оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізіңдер!» — деді.
[29] Құдай оларға тағы тіл қатып: «Мен сендерге жер бетіндегі тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды түр-түрімен бердім, бұлар сендерге тамақ болсын.
[30] Жер бетіндегі барлық аңдарға, аспандағы күллі құстарға және бауырымен жорғалаушыларға — бойында тіршіліктің лебі бар жануарлардың бәріне Мен көк шөп атаулыны қорек етуге беремін», — деді. Солай болды да.
[31] Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді. Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл алтыншы күн еді.