Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:27

[1] Ыбырамның әйелі Сарай бала көтермеген еді. Ал оның Ажар атты мысырлық күңі бар болатын.

[2] Сонда Сарай күйеуіне: — Жаратқан Ие маған ана болуды сыйламаған екен. Ал енді бар, күңіммен жақындас. Мүмкін, соның арқасында балалы болармын, — деп ұсынды. Ыбырам бұған көніп,

[3] Сарай оған мысырлық күңі Ажарды қосты. Бұл Ыбырамның Қанахан жерінде тұрғанына он жыл болған кезде еді.

[4] Ыбырам Ажармен жақындасып, оның бойына бала бітті. Мұнысын білген күң қожайыны Сарайға менсінбей қарай бастады.

[5] Сонда Сарай Ыбырамға: — Менің жәбір көруіме сен кінәлісің. Күңімді саған өзім қосқан едім. Ал енді ол бала көтергенін білгеннен бері мені менсінбей жүр. Сен екеуіміздің арамыздағы дауды Жаратқан Иенің Өзі шешсін, — деді.

[6] Ыбырам: — Күңің өз қолыңда, не істеуді дұрыс десең, соны істе, — деп жауап берді. Содан Сарай Ажарға қысымшылық көрсете бастады. Сол себептен Ажар оның қасынан қашып кетті.

[7] Жаратқан Иенің періштесі Ажарды иен даладағы бір су көзінің қасынан: Шурға баратын жолдағы құдық басынан тауып алды.

[8] Періште оған тіл қатып: — Сарайдың күңі Ажар, қайдан келе жатырсың, қайда бет алдың? — деп сұрады. Ол: — Мен қожайыным Сарайдан қашып келе жатырмын, — деген жауап берді.

[9] Жаратқан Иенің періштесі оған: — Сен қожайын әйеліңе қайтып бар, оның айтқанына көн! — деді.

[10] Періште Ажарға Жаратқан Иенің мына сөзін де жеткізді: — Мен сенің үрім-бұтағыңды сансыз көбейтемін. —

[11] Жаратқан Иенің періштесі сөзін әрі қарай жалғастырып оған былай деді: — Сен жүктісің, ұл туасың, оның атын Ысмағұл («Құдай құлақ асады») деп қоясың. Өйткені Жаратқан Ие сенің зарыңа құлақ асты.

[12] Ысмағұл асау құландай еркін кезіп жүретін адам болады. Ол бәріне қарсы, бәрі де оған қарсы күреседі. Осылай ол барлық ағайындарымен жауласып өмір сүретін болады.

[13] Ажар өзіне тіл қатқан Жаратқан Иені «Маған көз қырын салатын Құдайсың» деп атады. Себебі Ажар: «Мен өзіме көз қырын Салатынды осында көрдім», — деді.

[14] Сондықтан бұл құдық «Қамқоршым — тірі Құдай» деп аталады. Ол Қадеш пен Бередтің арасында орналасқан.

[15] Қайтып келгеннен кейін Ажар Ыбырамға ұл туып, Ыбырам оған Ысмағұл деп ат қойды.

[16] Сол кезде Ыбырам сексен алтыда еді.

Жаратылыстың баст — Chapters