Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:32

[1] Біраз уақыт өткенде Жүсіпке «Әкең ауырып жатыр» деген хабар жетті. Жүсіп ұлдары Манаса мен Ефремді ертіп алып, әкесінің қасына барды.

[2] Жақыпқа «Сізге ұлыңыз Жүсіп келе жатыр» дегенде, ол күшін жинап, төсегінде басын көтеріп отырды.

[3] Содан Жақып ұлына тіл қатып былай деді: — Құдіреті шексіз Құдай маған Қанахан жеріндегі Лұзда аян беріп батасын берген болатын.

[4] Сонда ол маған мынадай сөздер айтты: «Мен сені ұрпақты етіп көбейтемін, топ-топ руларға айналдырамын. Осы елді сенің ұрпақтарыңның тұрақты меншігіне беремін».

[5] Ал енді, мен саған келмей тұрғанда Мысыр елінде туған сенің екі ұлың менікі. Ефрем мен Манаса екеуі де Рубен, Шимон сияқты өзімнің ұлдарым болады.

[6] Кейінірек туатын балаларың сенікі болмақ. Алайда олардың ұрпақтары өз үлестеріне тиген жерлерінде ағалары Ефрем мен Манасаның аттарымен аталатын болады.

[7] Мен солтүстік Месопотамиядан қайтып келе жатып, Қанахан еліндегі Ефратаға таяу қалғанда Рахила қайтыс болды. Мен оны жоқтап, сол жерде, Ефратаға бара жатқан жолдың бойында, қабірге қойдым. — Сол Ефратаның бүгінгі аты Бетлехем.

[8] Исраил Жүсіптің ұлдарына қарап: — Мыналар кімдер? — деп сұрады.

[9] — Бұлар Құдай маған сыйлаған екі ұлым. — Маған жақындатшы, оларға батамды берейін.

[10] Қартайғандықтан Исраилдің көздері нашар көретін еді. Жүсіп ұлдарын әкесіне жақындатып, ол немерелерін беттерінен сүйіп, құшақтады.

[11] Жүсіпке: — Өзіңнің жүзіңді қайта көруден үмітім үзілген еді. Ал Құдай маған тіпті ұлдарыңды да көруге бұйыртты, — деді.

[12] Жүсіп әкесінің алдында отырған ұлдарын оның құшағынан босатып алып, оған жерге дейін бас иіп тағзым етті.

[13] Ол оң қолымен Ефремді ұстап Исраилдің сол жағына, ал Манасаны сол қолымен ұстап оның оң жағына апарып тұрғызды.

[14] Алайда Исраил оң қолын кенжесі болса да Ефремнің басына, ал сол қолын тұңғыштығына қарамастан Манасаның басына қойып тұрып, екі қолын айқастырып ұстады.

[15] Исраил Жүсіпке батасын беріп тұрып былай деді: — Аталарым Ыбырайым мен Ысқақ Құдайдың көз алдында ғұмыр кешті. Құдай менің де өмір бойы бүгінге дейін Қорғанышым болып келеді.

[16] Ол — барлық апаттан мені құтқарып келген Хабаршы, енді мына балаларды да жарылқай көрсін! Менің атым және аталарым Ыбырайым мен Ысқақтың аттары осылар арқылы жалғаса беріп, олар жер бетінде кереметтей көбейсін!

[17] Әкесі оң қолын Ефремнің төбесіне қойғаны Жүсіпке ұнамады. Сондықтан ол оң қолын Ефремнің басынан алып, Манасаның төбесіне қоймақшы болып:

[18] — Әке, олай емес! Тұңғышы мынау, оң қолыңызды соның басына қойыңыз, — деді.

[19] Бірақ әкесі бұған қарсы шығып: — Ұлым, мен оны өзім де білемін. Бұдан да халық шығып, ол да атақты болады. Бірақ оның інісі ағасынан да ұлы болып, оның ұрпақтарынан топ-топ рулар тарайды, — деді.

[20] Жақып оларға батасын беріп тұрып: — Исраилдің ұрпағы бата бергенде сенің атыңды атап, «Құдай сені Ефрем мен Манасадай қылсын!» деп айтатын болады, — деді. Осылайша ол Ефремді Манасадан жоғары қойды.

[21] Содан кейін Исраил Жүсіпке: — Біліп ал: жақында мен бұ дүниеден кетемін. Бірақ Құдай жар болып, сендерді аталарыңның жеріне қайтарады.

[22] Мен семсер-садағыммен аморлықтардың қолынан тартып алған қыратты жерімді ағаларыңның озаты ретінде саған арнап қалдырамын, — деді.

Жаратылыстың баст — Chapters