[1] Сонымен Исраил өзінің қасындағы барлық жұртын мал-мүліктерімен ертіп алып, жолға шықты. Ол Бер-Шебаға келгенде әкесі Ысқақ сиынған Құдайға арнап құрбандық жасады.
[2] Сонда Құдай оған түнде аян беріп: — Жақып! Жақып! — деп шақырды. Ол: — Тыңдап тұрмын, — деп жауап қатты.
[3] — Мен Құдаймын, әкең мойынсұнған Тәңірмін. Мысырға көшіп барудан қорықпа, сенен сол жерде бір үлкен халық өрбітіп таратамын.
[4] Мен саған Мысырда да жар болып, сендерді қайтадан Қанахан еліне Өзім алып келемін. Қайтыс болғанда көзіңді жұмғызатын Жүсіп болады, — деді.
[5] Осылай Жақып Бер-Шебадан жолға шықты. Ұлдары оның өзін де, олардың балалары мен әйелдерін де перғауын жіберген күймелерге отырғызды.
[6] Жақып пен оның үрім-бұтағы — ұлдары мен немере ұлдары, қыздары мен немере қыздары барлығы да Қанахан елінде жинап алған малдары мен дүние-мүліктерін алып, Мысырға көшіп барды.
[8] Мысырға көшіп барған Исраилдің (яғни Жақыптың) ұлдарының аттары төмендегідей: Жақыптың тұңғыш ұлының аты Рубен.
[9] Рубеннің ұлдары: Ханох, Паллу, Хесрон, Қарми.
[10] Шимонның ұлдары: Емуел, Ямин, Яхин, Сохар, Саул; Саул қанахандық әйелден туған.
[11] Леуінің ұлдары: Герсон, Қахат, Мерари.
[12] Яһуданың ұлдары: Ер, Онан, Шелах, Парес, Зарах. Ер мен Онан Қанахан жерінде қайтыс болды. Парестің ұлдары: Хесрон, Хамул.
[13] Исашардың ұлдары: Тола, Пуа, Ишоб, Шимрон.
[14] Забулонның ұлдарының аттары: Серед, Елон, Яхлел.
[15] Бұлар Лияның Жақыпқа солтүстік Месопотамияда туып берген ұлдары. Дина есімді қыздары да сол жерде дүниеге келді. Барлығын қосқанда Жақып пен Лиядан тарағандар отыз үш ұрпақ болды.
[16] Ғадтың ұлдары: Сифион, Хаги, Шуни, Езбон, Ери, Ароди, Арели.
[17] Аширдің ұлдары: Имна, Ишуах, Ишуи, Бериях, ал қызы: Серах. Берияхтың ұлдары: Хебер мен Малхиел.
[18] Бұлар Лабанның қызы Лияға күтуші күң ретінде берген Зилпаның ұлдары; Зилпадан Жақыптың он алты ұрпағы тарады.
[19] Жақыптың әйелі Рахиланың ұлдарының аттары: Жүсіп пен Бунямин.
[20] Мысырда Жүсіптің Манаса мен Ефрем есімді ұлдары дүниеге келді. Бұларды Он қаласындағы діни қызметкер Потифердің қызы Асенет туды.
[21] Буняминнің ұлдары: Бела, Бехер, Ашбел, Гера, Нағыман, Ехи, Рош, Мупім, Хупим, Ард.
[22] Бұлар Рахиланың Жақыпқа туып берген ұлдары мен олардан тарағандар — барлығы он төрт ұрпақ.
[23] Данның ұлының аты: Хушим.
[24] Нафталимның ұлдары: Яхсиел, Гуни, Есер және Шилем.
[25] Бұлар Лабан өзінің қызы Рахилаға күтуші күңі ретінде берген Балханың ұлдары; Балхадан Жақыптың жеті ұрпағы тарады.
[26] Жақыпқа еріп Мысырға көшіп барған ұрпақтары, келіндерін қоспағанда, алпыс алты жан еді.
[27] Жүсіптің Мысырда туған ұлдары екеу. Осылайша Жақыптың Мысырға көшіп келген бүкіл үрім-бұтағының жалпы саны өзін қосқанда жетпіс болды.
[28] Гөшендегі қоныстарын көрсету үшін Жақып Жүсіпке алдын ала Яһуданы жіберді. Осылайша көш Гөшен аймағына жетіп,
[29] Жүсіп те күймесін жегіп, әкесі Исраилді қарсы алу үшін Гөшенге қарай беттеді. Әкесін көргенде оны мойнынан құшақтап тұрып ұзақ жылады.
[30] Исраил Жүсіпке: «Енді мен өлсем де болады, сенің тірі екеніңе көзім жетті», — деді.
[31] Ақырында Жүсіп бауырларына және әкесінің үйіндегі адамдарға былай деді: — Мен перғауынға барып, мынаны айтпақпын: «Қанахан елінен маған бауырларым және әкемнің үй іші көшіп келді.
[32] Олар бақташылар, сондықтан ірілі-ұсақты малдары мен дүние-мүліктерінің бәрін өздерімен бірге ала келді».
[33] Егер перғауын сендерді өзіне шақырып, кәсіптерің туралы сұрай қалса,
[34] сендер: «Уа, тақсыр ие, біз ата-бабаларымыз сияқты бала кезімізден бері мал бағушылармыз» деп жауап беріңдер. Сонда ол сендерге Гөшен аймағында қалуға рұқсат береді. Өйткені мысырлықтар үшін ұсақ мал бағушылар жиренішті, — деді.