Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:39

[1] Ыбырам тоқсан тоғыз жасқа толған соң Жаратқан Ие оған аян беріп: — Мен құдіреті шексіз Құдаймын. Менің көз алдымда мінсіз жүр.

[2] Мен екеуіміздің арамыздағы Келісімді бекітіп, сенің үрім-бұтағыңды сансыз көбейтемін, — деді.

[3] Сонда Ыбырам Оған жерге бас ұрып ғибадат етті. Құдай сөзін әрі қарай былайша жалғастырды:

[4] — Айтқаным айтқан: Менің сенімен жасаған Келісімім бойынша сен көп ұлттың түп атасы боласың.

[5] Бұдан былай сен Ыбырам («Ұлық ата») емес, Ыбырайым («Көптің атасы») деп аталасың. Өйткені Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етіп тағайындадым.

[6] Сенің тұқымыңды сансыз көбейтіп, көптеген халықты өрбітемін, сенен патшалар да шығатын болады.

[7] Мен бұл Келісімді Менімен сенің араңдағы және кейінгі үрім-бұтағыңның арасындағы мәңгілік Келісім ретінде бекітемін. Ол ұрпақтан ұрпаққа созылатын болады. Мен сенің және үрім-бұтағыңның Құдайы боламын.

[8] Қазір өзің жат жұрттық ретінде тұрып жатқан бүкіл Қанахан елін саған және келер ұрпақтарыңа мәңгі иеленуге беремін. Мен ұрпақтарыңның да Құдайы боламын.

[9] Бірақ сен де Менің Келісіміме адал бол! Оны өзің де, үрім-бұтағыңның барлық ұрпақтары да сақтауға тиіссіңдер!

[10] Менің сенімен және келешек ұрпағыңмен бекіткен осы Келісімімнің ережелерін жүзеге асырып, еркек кіндіктің бәрін де сүндеттеңдер!

[11] Сүндет рәсімін орындауларың Менің сендермен жасаған Келісімімнің белгісі болады.

[12] Болашақ ұрпақтарыңның әрбір жаңа туған ер баласы туғанына сегіз күн толысымен сүндеттелсін. Бұған әулеттеріңе жатпайтын ер адамдар да кіреді, үйлеріңде дүниеге келген құл-қызметшілерің болсын, не сатып алынғандары болсын, бәрі де сүндеттелуге тиіс.

[13] Сонымен үйде туды ма, жоқ әлде құл ретінде сатып алынды ма, барлық еркек атаулы міндетті түрде сүндеттелсін. Менің Келісімімнің сырт белгісі сендердің тәндеріңде мәңгі қалуға тиіс.

[14] Әрбір сүндеттелмеген еркек кіндіктіні өз халқынан аластату керек, өйткені ол Менің Келісімімді бұзды.

[15] Сен әйеліңді енді Сарай емес, Сара деп ата.

[16] Мен оны жарылқап, саған Сарадан да бір ұл сыйлаймын. Сараға ұлттардың түп анасы болсын деп ақ батамды беремін. Халықтардың патшалары да Сарадан тарайтын болады.

[17] Сонда Ыбырайым Құдайдың алдына жерге бас ұра тағзым етіп: «Жүзге келген адам ұлды болып, тоқсанға келген Сара да бала таба алар ма екен?» — деп іштей күлді.

[18] Бұдан кейін Құдайдан: — Ысмағұл Сенің көз алдыңда тірі жүргей, — деп өтінді.

[19] Ал Құдай: — Әйелің Сара саған ұл туып береді, оның атын Ысқақ деп қоясың. Мен Ысқақпен Келісім жасап, оны үрім-бұтағы үшін мәңгілікке бекітемін.

[20] Ал сенің Ысмағұл туралы айтқаныңды да орындаймын. Оны жарылқап, үрім-бұтағын молынан көбейтемін. Ысмағұлдан он екі рубасы шығатын болады. Мен одан бір үлкен халықты өрбітіп таратамын.

[21] Бірақ Мен Келісімімді Сара келесі жылы осы уақытта дүниеге келтіретін Ысқақпен бекітемін, — деп жауап берді.

[22] Құдай Ыбырайыммен сөйлесіп болғаннан кейін қасынан ғайып болды.

[23] Ыбырайым сол күні-ақ баласы Ысмағұлды және үйінде туған немесе сатып алынған еркек атаулыны түгел жинап алып, барлығын Құдай өзіне бұйырғандай сүндеттеді.

[24] Сол кезде Ыбырайым тоқсан тоғыз жаста,

[25] ал Ысмағұл он үш жаста болатын.

[26] Сол күні-ақ Ыбырайым мен оның ұлы Ысмағұл,

[27] олармен бірге үйінде туып немесе сатып алынған құл-қызметшілер, демек, Ыбырайымның қол астындағы бүкіл еркек атаулы түгелдей сүндеттелді.

Жаратылыстың баст — Chapters