Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 8:28

[1] Ысқақ қартайып, көзі көрмей қалған еді. Бірде ол тұңғыш ұлы Есауды шақырып алып: — Ұлым! — деді. — Иә, тыңдап тұрмын. — деп жауап қатты ол.

[2] Ысқақ: — Мен қартайдым, қай күні өлерімді білмеймін.

[3] Сен садақ пен қорамсағыңды алып, маған даладан бір аң аулап әкел.

[4] Соның етінен мен сүйсініп жейтіндей дәмді тағам пісіріп, алып кел. Оны жеп, өлмей тұрғанда саған батамды беретін болайын, — деді.

[5] Ысқақ ұлымен сөйлескен кезде, Рабиға да құлақ түріп тыңдап тұрды. Есау аң аулап әкелу үшін далаға шығып кеткеннен кейін,

[6] Рабиға Жақыпқа былай деп кеңес берді: — Тыңда, мен әкеңнің ағаң Есауға:

[7] «Маған бір аң аулап әкеліп, дәмді етіп тамақ пісіріп бер. Мен оны жеп, өлмей тұрғанда саған Жаратқан Иенің алдында батамды берейін» дегенін естідім.

[8] Ұлым, саған айтатын ақылыма мұқият құлақ сал:

[9] қораға барып, маған екі қоңды лақты алып кел. Олардан дәмдеп, әкең сүйсініп жейтін тағам дайындаймын.

[10] Соны әкеңе апар, ол жесін. Осылай ол өлер алдында батасын саған беретін болады! —

[11] Бірақ Жақып шешесіне: — Ағамның денесін қалың түк басқан, ал менде жоқ.

[12] Әкем мені сипаласа ше, онда оның алдында өтірікші болып, одан бата орнына қарғыс алармын, — деді.

[13] Сонда шешесі: — Саған деген қарғысты өз мойныма аламын. Сен айтқанымды істеп, маған екі лақты әкеп бер, — деп жауап қатты.

[14] Жақып лақтарды алып келіп, шешесіне берді. Ол солардан ұлдың әкесі сүйсініп жейтіндей дәмді тамақ әзірледі.

[15] Бұдан кейін Рабиға үлкен ұлы Есаудың өз үйінде жатқан ең сәнді киімдерін алып, оларды кенжесі Жақыпқа кигізді,

[16] әрі сойылған лақтардың терісімен оның түксіз мойны мен екі білегін жапты.

[17] Жақыптың қолына өзі әзірлеген дәмді тамағы мен пісірген нанын ұстатты.

[18] Сонда Жақып әкесіне кіріп: — Әке! — деді. Ысқақ: — Иә, ұлым, сен кімсің? — деп сұрады.

[19] — Мен тұңғышыңыз Есаумын. Маған айтқаныңызды орындадым. Басыңызды көтеріп, мен аулап әкелген аңның етін жеп, маған батаңызды беріңіз. —

[20] Ысқақ: — Ұлым, қалайша оны тез тауып алдың? — деп сұрағанда, Жақып: — Сіздің Құдайыңыз Жаратқан Ие оны маған кездестірді, — деп жауап қайтарды.

[21] Сонда Ысқақ: — Ұлым, маған жақындашы. Сен шынымен ұлым Есаусың ба, жоқ па, соны білу үшін сені сипалап көрейін, — деді.

[22] Жақып қасына келген соң әкесі оны сипалап тұрып: — Даусы Жақыптікі, ал қолдары Есаудікі, — деп шүбәсін білдірді.

[23] Жақыптың қолдарынан ағасының қолдарындағыдай түкті сезгеннен кейін Ысқақ Жақыпты танымай қалды. Оған батасын бермек болды,

[24] бірақ ол тағы бір рет: — Сен шынымен ұлым Есаумысың? — деп сұрады. Жақып: — Иә, солмын, — деп жауап берді.

[25] Сонда әкесі: — Ұлым, аңнан әзірленген тамағыңды бер. Мен жейін де, саған батамды берейін, — деді. Жақып әкесіне тамақты ұсынды, ол жеді; кейін шарап әкеліп, ол оны да ішті.

[26] Содан соң Ысқақ: — Ұлым, маған жақын келіп, мені сүй, — деді.

[27] Жақып әкесінің қасына барып, оны сүйгенде, Ысқақ оның киген киімдерінен Есаудың иісін сезді. Содан ол ұлына батасын беріп былай деді: «Ұлымның иісі Жаратқан Ие Жарылқаған даланың иісіндей.

[28] Айырмасын Құдай сені аспан шығынан, Әрі топырақтың құнарлылығынан, Ағыл-тегіл астық пен жүзім шырынынан!

[29] Саған ұлттар қызмет жасай берсін, Һәм халықтар бас иетін болсын! Сен билейтін бол бауырларыңды, Саған бағынсын анаңның ұлдары! Сені қарғайтындарды қарғыс атсын, Ал батасын беретіндер жарылқансын!»

[30] Ысқақ батасын аяқтап, Жақып әкесінен шығып бара жатқан кезде, ағасы Есау аң аулаудан қайтып келді.

[31] Ол да дәмді тамақ пісіріп, әкесіне апарды да, оған былай деп тіл қатты: — Әке, басыңызды көтеріп, батаңызды беру үшін мен әзірлеген тамақтан ішіңіз.

[32] Сонда әкесі одан: — Сен кімсің? — деп сұрады. Ұлы оған: — Мен тұңғыш ұлыңыз Есаумын ғой, — деп жауап берді.

[33] Сонда Ысқақ қатты дірілдеп шошып кетіп: — Аң аулап, маған жаңа ғана тамақ әзірлеп, әкелген адам кім болды екен? Мен сол тамақты сен келер алдында ғана жеп, оны әкелген адамға батамды беріп қойдым. Енді батам сол күйінде қалады, — деді.

[34] Есау әкесінің сөзін естігенде әбден күйініп, қатты айқайлап жіберіп: — Әке! Маған да батаңызды берсеңіз етті! — деп жалбарынды.

[35] Ал әкесі: — Інің қулықпен келіп, саған тиесілі батаны иемденіп кетті, — деп бас тартты.

[36] Сонда Есау: — Оның аты Жақып қой, ол мені екі рет алдап үлгерді. Алдымен ол менен тұңғыштық жолымды алдап алды, енді маған тиісті батаны да иемденіп кетті! — деді де, әкесінен: — Сіз маған деген ешқандай бата қалдырған жоқсыз ба? — деп сұрады.

[37] Ысқақ: — Мен оны саған билеуші етіп, барлық бауырларының бәрін өзіне қызметші қылып бердім. Оны мол астық пен жүзім шырынымен қамтамасыз еттім. Ұлым, мен енді сен үшін не істей аламын? — деп жауап берді.

[38] — Әке, сізде бар болғаны бір-ақ бата ма еді? Маған да батаңызды бере көріңіз! — деп, Есау дауыстап жылады.

[39] Соңында Ысқақ оған бата беріп былай деді: «Құнарлы топырақ пен аспан шығынан Сен алшақтау мекендейтін боласың.

[40] Семсеріңе сүйене өмір сүресің, Әрі бауырыңа мойынсұнып жүресің. Бірақ жұлқынып қарсы шыққан уақытың Жеткенде мойныңдағы езгісінен оның Босап, құтылып кететін боласың».

[41] Есау сол кезден бастап Жақыпты әкесінен алдап алған батасы үшін жек көрді. Ол өз-өзіне: «Көп ұзамай әкем дүние салып, жоқтау айтатын уақыт келер. Содан кейін Жақыптың көзін құртамын», — деді.

[42] Үлкен ұлының бұл сөздері Рабиғаның құлағына шалынды. Сонда ол кенжесін шақырып алып: «Ағаң Есау кек алып сені өлтірмекші.

[43] Сондықтан айтқанымды тыңда: тез жолға жиналып, Харандағы туған ағам Лабанға қашып кет.

[44] Ағаң Есаудың ашуы басылғанша сол жерде біраз қала тұр.

[45] Кейінірек ол сенің өзіне істегеніңді ұмытып, ашуы қайтқаннан кейін біреуді жіберіп, сені шақыртып аламын. Мен бір күнде екі ұлымнан бірдей айырылып қалар жайым жоқ!» — деді.

[46] Содан соң Рабиға Ысқаққа: «Есаудың алған хеттік әйелдерінің кесірінен өмірім уайымға толы өтіп жатыр. Егер Жақып та мына хеттік әйелдер сияқты жергілікті қыздардан әйел алатын болса, онда маған өмір сүрудің не қажеті бар?» — деді.

Жаратылыстың баст — Chapters