[1] Біраз уақыт өткенде сарайдағы бас шарапшы және бас наубайшы өздерінің қожайыны — Мысырдың патшасының алдында кінәлі болып қалды.
[2] Содан перғауын осы екі уәзіріне қатты ашуланып,
[3] оларды бас қорғаушысы басқаратын түрмеге отырғызды. Мұнда Жүсіп те отырған болатын.
[4] Бас қорғаушы екеуін Жүсіптің қарамағына тапсырып, ол соларға қызмет етті. Шарапшы мен наубайшы түрмеде біраз күн өткізген соң,
[5] екеуі де бір түнде түс көрді. Әр түстің өзіндік мағынасы бар болатын.
[6] Келесі күні таңертең оларға кірген Жүсіп екеуінің жабырқау екенін байқап:
[7] — Бүгін неге мұңайып отырсыздар? — деп сұрайды.
[8] — Біз екеуіміз де түс көрдік, бірақ оны бізге жорып беретін ешкім жоқ, — дейді олар. Жүсіп: — Түс жору Құдайдың ісі емес пе? Маған айтып беріңіздер, — дегенде,
[9] бас шарапшы оған түсін әңгімелеп береді: — Түсімде бір жүзім бұтасын көрдім.
[10] Бұтаның үш сабағы бар екен. Көгере бастасымен гүлдеп, жүзім пісіп те үлгеріпті.
[11] Қолымда перғауынның шарап ішетін тостағаны бар екен. Сонда мен жүзімді алып, сығып, шырынын тостағанға ағызып, перғауынның қолына беріппін. —
[12] Жүсіп оған: — Түстің жоруы былай: үш жүзім сабағы үш күнді білдіреді.
[13] Үш күннің ішінде перғауын басыңызды жоғары көтеріп, сізді қайтадан орныңызға қояды. Оған бұрынғысынша шарап ұсынатын боласыз.
[14] Ал ісіңіз оңғарылған шақта мені ұмытпай, перғауынға мен туралы айта көріңізші! Мені түрмеден босаттырып, жақсылық жасасаңыз екен.
[15] Себебі мені көшпенділердің елінен ұрлап алып келген болатын. Бұл жерде де түрмеге түсетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, — дейді.
[16] Жүсіптің түсті жақсы жорығанын көріп, бас наубайшы да түсін айтып береді: — Мен түсімде басыма үш себет көтеріп жүріппін.
[17] Ең үстіңгі себеттің ішінде перғауынға арнап пісірілген тағамдар бар екен. Бірақ оларды басымдағы себеттің ішінен құстар шоқып жеп жатты. —
[18] Сонда Жүсіп: — Бұның жоруы мынау: үш себет үш күнді білдіреді.
[19] Үш күннің ішінде перғауын сіздің басыңызды көтеріп, дарға асып қояды. Құстар етіңізді шоқып жейтін болады, — деп түсіндіреді.
[20] Үш күн өткен соң перғауынның туған күні болып, ол күллі нөкерлеріне той жасады. Сонда патша бас шарапшысы мен бас наубайшысын түрмеден шығарып алдыртып, нөкерлерінің алдында
[21] бас шарапшыны бұрынғысынша шарап құйып беру үшін қайтадан орнына қойды,
[22] ал бас наубайшыны дарға асқызды. Бәрі де дәл Жүсіп алдын ала айтқандай болды.
[23] Алайда бас шарапшы Жүсіптің тілегін есіне алмай, ұмытып кетті.