Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:54

[1] Лемуел патшаның қалдырған сөздері, шешесінің оған айтқан нақылдары:

[2] Уа, балам менің, құрсағымнан шыққан ұлым менің, Уәде беріп, Құдайдан сұрап алған балам менің!

[3] Ысырап қылма әйелдерге күшіңді, Шашыратпа оларға қуатыңды, Тағынан тайдырды олар талай патшаларды.

[4] Уа, Лемуел, Патшаларға шарап ішу жарамас, Әміршілерге ішімдік аңсау жараспас.

[5] Ал ішетін болса, заң ережесін ұмытар, Қаналғандардың құқығын теріске бұрмалар.

[6] Өлімшіге ішімдік берілер, Қиналғанға шарап берілер,

[7] Ішіп алып, мүшкіл халін ұмытсын, Қайғы-қасіретін енді еске алмасын.

[8] Ал сен, өзі үшін үндей алмайтындардың Сөзін сөйлеп, ісін қорға байғұстардың.

[9] Анық сөйлеп, әділ үкім шығаршы, Жарлы мен мұқтаждың мүддесін қорғашы!

[10] Еңбекқор, жақсы әйелді кім таба алар? Ол інжу-маржаннан да бағалы болар!

[11] Күйеуі оған толықтай сенім артады, Ешқандай игіліктен ада қалмайды.

[12] Өмір бойы оның күйеуіне жасары Жамандық емес, жақсылық қана болады.

[13] Әйел жүн мен зығырды өзі таңдайды, Қол жұмысын да ынтамен жасайды.

[14] Жер шарлаған саудагер кемесі секілді Алыстан да азық-түлігін әкеледі.

[15] Әйел төсегінен тұрып таң атпай ерте, Тамағын үлестіріп беріп үй ішіне, Тапсырады жұмысын қызметшілеріне.

[16] Жер танабын қарап, ойланып, сатып алады, Еңбегінің түсімінен жүзім отырғызады,

[17] Белін бекем буып, қайратпен іс қылады.

[18] Ұғады ол еңбегінің өнімді боларын, Көпке дейін түнде сөндірмейді шырағын.

[19] Саусағымен созғылап қолындағы жүнін, Дем алмастан иіреді ол ұршығын.

[20] Оның қолы әрдайым жомарт жарлыларға, Құшағы ашық бейшара мұқтаждарға.

[21] Қар жауып, үй ішім тоңар деп қамықпайды, Бәрі де қос-қостан киімдерін киеді.

[22] Әйел әсемдеп тоқып төсек жабынын, Бәтес, қызыл жүннен тігеді киімін.

[23] Күйеуінің атағы кең жайылады, Елдің ақсақалдарымен кеңес құрады.

[24] Бәтестен әйел жапқыш тігіп, сатады, Белбеумен де саудагерді қамтиды.

[25] Осылай ол бөленеді күш пен салтанатқа, Шаттықпен қарайды жарқын болашаққа.

[26] Аузынан шыққан сөзі — нағыз даналық, Берген тәлімі — мейірімді жақсылық.

[27] Үй шаруасын мұқият бақылайды, Ол нанын бекер жеп, еш масыл болмайды.

[28] Балалары тұрып, аналарын дәріптейді, Күйеуі де оны былай деп құрметтейді:

[29] «Көп әйел заты еңбекқор, жақсы екен, Бірақ барлығынан да асып түстің сен!»

[30] Әсемдік өткінші, алдамшы сұлулық та, Тәңір Иені қастерлейтін әйел лайық мадаққа.

[31] Беріңдер оған еңбегінің тиісті зейнетін, Істері үшін жұрт алдында ол дәріптеле берсін!

Нақыл сөздер — Chapters