Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:59

[1] Балам, егер көршің үшін кепілдік беріп Не бөтеннің қарызын мойныңа алып,

[2] Аузыңнан шыққан сөзіңмен шырмалсаң,

[3] Ұлым, сол адамға кіріптар болғаның. Тез барып, жалынып аяғына жығыл, Осылай уәдеңнен азат болып құтыл!

[4] Ұйқыға бой беріп, кірпігіңді ілмей, Алдымен көз жұмып, ұйықтайын демей,

[5] Аңшыдан қашқан еліктей дереу құтыл, Құс іспетті тұзақтан босауға ұмтыл!

[6] Жалқау неме, құмырсқадан үлгі ал, Ісіне қарап оның, парасатқа ие бол!

[7] Бастық, бақылаушы, билеушісі болмайды,

[8] Бірақ жазда ол қысқы азығын дайындайды, Орақ кезінде тамағын жинап сақтайды.

[9] Жалқау неме, қашанғы ұйықтап жатасың, Ұйқыңнан оянып, қашан тұрасың?

[10] Біресе ұйықтап не мүлгіп отырасың, Біресе қол қусырып жатып та аласың,

[11] Кенеттен жүйріктей жоқшылық жетер, Тонаушыдай мұқтаждық саған тап берер.

[12] Қара ниетті, арсыз жан жалған сөйлер,

[13] Аяқ, көз, саусақпен құпия белгі берер,

[14] Жүрегінде зұлым жоспарлар құрар, Әрдайым араздық сеуіп отырар.

[15] Сондықтан ажал оған кенет жетер, Сауықпастан біржола құрып кетер.

[16] Жаратқан Ие мына алтауды жақтырмайды, Тіпті жетеуді жаны мүлдем жаратпайды:

[17] Тәкаппар көз бен өтірікші тіл, Һәм жазықсыз қан төгетін қол,

[18] Зұлым жоспар құратын ақыл-сана, Әрі асыққан аяқ соны орындауға,

[19] Жалған куә өтірік айтатын, Ағайын арасында араздық тудыратын.

[20] Балам, әке өсиетін есте сақта, Анаң берген тәлімнен де бас тартпа,

[21] Оларды мәңгі жүрегіңе түйгін, Мойныңа таққандай сақтап жүргін,

[22] Жүргенде олар тура жолды нұсқар, Ұйықтасаң күзетіп, қорғап жатар, Оянғанда саған ақыл айтар.

[23] Өсиет пен тәлім шам-шырақ секілді, Түзеткіш тәрбие өмір жолын сілтейді.

[24] Олар сені жүгенсіз әйелден сақтайды, Оның жағымпаз сөздерінен қорғайды.

[25] Көркіне оның жүрегің елікпесін, Жанары сені баурап әкетпесін!

[26] Жезөкше ақыры нанға зәру қылар, Азғын әйел қымбат жаныңа тұзақ құрар.

[27] Өз қойнына от салған киімін өртемей ме?

[28] Шоқ басқан адам аяғын күйдірмей ме?

[29] Өзгенің жарына барған жанмен де солай болады, Онымен құшақтасса, жазасын тартады.

[30] Аштықтан ұрлық жасағанды жұрт жек көрмей ме,

[31] Ұсталса, алғанын жеті еселеп төлетпей ме, Отбасының меншігін түгелдей бергізбей ме?

[32] Сөз жоқ, неке адалдығын бұзғанның ақылы кем, Ол өз жанын құртады солай істеуімен,

[33] Соққы жейді әрі абыройы төгіледі, Мәңгі масқара болып қала береді.

[34] Қызғаныштан күйеуін ашу кернейді, Өшін алған кезінде аяуды білмейді,

[35] Күнәнің төлемін ешқашан алмайды, Мол тарту берсең де, ашуы қайтпайды.

Нақыл сөздер — Chapters