[1] Балам, берген нұсқауларымды еш ұмытпа, Өсиеттерімді менің жүректе сақта!
[2] Өйткені олар ғұмырыңды ұзартар, Амандық пен тыныштық молынан дарытар.
[3] Мейірім мен шындықтан ешқашан безбе, Мойныңа байлап, жазып қойғандай жүрекке.
[4] Сонда ұнамды болып Құдай мен адамға, Ие боласың зор құрмет-абыройға.
[5] Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе.
[6] Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені.
[7] Паңданып өзіңді «данышпанмын» деп ойлама, Иеңді шын қастерле, зұлымдыққа жолама,
[8] Тұла бойың сергіп, сауығатын болар сонда.
[9] Жаратқанды құрметтеп сыйға бер мал-мүлкіңнен, Алған бар өніміңнің алғашқы түсімінен.
[10] Сонда астыққа кенелер қамбаларың, Ернеулеп толар шырынға ыдыстарың.
[11] Балам, Тәңір сені тәрбиелегенде Онысын ешқашан менсінбей жүрме, Ол сені жөнге келтіргенде Лайым еңсең түсіп жүнжіме!
[12] Иеміз Өзі сүйетін әркімді Түзетеді әрі тәрбиелейді. Әкесі сүйікті баласын да Жазалайды қажет болғанда.
[13] Қандай бақытты даналықты тапқан адам, Ақыл-парасатты иемденген әрбір жан!
[14] Өйткені оған қол жеткізу күмістен құнды, Алтыннан жоғары оның берер пайдасы.
[15] Даналық әлдеқайда құнды асыл тастан, Құмартқан ешбір нәрсең тең келмес оған.
[16] Ол саған берер ұзақ ғұмыр — оң қолында, Әрі байлық пен қадір-құрмет — сол қолында.
[17] Даналық ұнамды жолдармен жүргізер, Соқпақтары адамды тыныштыққа жеткізер.
[18] Ие болғанға даналық — шын өмірдің ағашы, Оны мықтап ұстанған әркім қандай бақытты!
[19] Жердің негізін Жаратқан Ие салды даналықпен, Аспанды мықтап орнатты ақыл-парасатпен.
[20] Оның даналығымен терең көздер ашылды, Аспандағы бұлттардан жауын жауа бастады.
[21] Ей, балам, мыналарды назарыңнан тайдырма: Дұрыс ой мен естілікті сақтап жүр әр уақытта!
[22] Олар шынайы өмірге жаныңды кенелтер, Мойынға таққан моншақтай сені көркейтер.
[23] Сонда өмір жолыңда алаңсыз жүрерсің, Аяғың тайып, сүрініп те кетпессің,
[24] Төсекте жатқанда ешқандай қамықпассың, Қауіпті уайымдамай, жайлы ұйықтарсың,
[25] Кенеттен келер апаттан қорықпассың, Зұлымдардың күйреуінен қаймықпассың.
[26] Өйткені Жаратқан Ие сүйенішің болар, Жүрген өмір жолыңда сені тордан сақтар.
[27] Қолыңнан келіп тұрғанда мұқтаждарға Жақсылық көрсет, соған лайық жандарға.
[28] Көршіңе қажет нәрсе сенде бар болғанда: «Ертең кел, сонда берермін» деп оны қайтарма.
[29] Жаныңда бейқам тұрып жатқан көршіңе Ешқандай қастандықты сен ойлап жүрме.
[30] Өзге жан саған жамандық жасамаса, Еш себепсіз онымен жанжалдаспа.
[31] Озбырлық жасайтынмен бақталаспа, Теріс жолдарының ешбірін таңдап алма!
[32] Азғын жанды Жаратқан Ие жек көреді, Әділ жанға Ол өз еркін ашып білдіреді.
[33] Жаратқан Ие зұлымның мекенін қарғайды, Ал әділ адамның шаңырағын жарылқайды.
[34] Тәңір мазақтаушылардың өздерін мазақтайды, Ал езілген кішіпейілдерге рақымын сыйлайды.
[35] Даналар қадір-құрметті иемденеді, Надандар болса, масқараны иеленеді.