Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:38

[1] Даналық шақырып жатыр емес пе, Ақыл-парасат дауыстап тұр емес пе?

[2] Жол жиегінде, биік орындарда Тұр әрі жол тораптарында.

[3] Қала қақпаларының төңірегінде, Халық өтетін кіреберістерде, Даналық былай деп мәлімдеуде:

[4] «Уа, халайық, сендерді шақырамын, Бар адамзатқа дауыстап айтамын:

[5] Аңқаулар, енді үйреніңдер, Аңғалдар, түсінік иеленіңдер,

[6] Тыңдаңдар мені, асыл сөз айтпақпын, Ақиқат — барлығы да айтарымның.

[7] Шындық — аузымнан шыққан сөздің бәрі, Өтірік айту маған аса жиренішті.

[8] Менің сөздерімнің бәрі де дұрыс, Ешқайсысы емес арам не бұрыс.

[9] Саналыға барлығы түсінікті, Білімдіге мінсіз де әділетті.

[10] Күмістен гөрі ал менен тәлімді, Саф алтыннан гөрі қабыл ал білімді.

[11] Даналық асыл тастардан да құнды, Аңсаған еш нәрсең оған тең келмейді».

[12] «Мен даналықпын, парасат бар қасымда, Саналы білім тауып аламын да.

[13] Жаратқанды қастерлеп, мойынсұну, Бұл — жамандық атаулыны жек көру. Жек көремін мен паңдық пен менмендікті, Жаман іс-әрекет пен бұрма сөзді.

[14] Менде ақыл-кеңес бар, адал сана, Иемін парасат, күш-қуатқа да.

[15] Мен арқылы патшалар билік құрады, Әкімдер әділ заңдар шығарады.

[16] Әміршілер мен арқылы басқарады, Төрелер әділ үкім шығарады.

[17] Мен де сүйемін өзімді сүйгенді, Іздеп жүрген тауып алады мені.

[18] Сыйлайтын абырой-байлық бар менде, Жоғалмас қазына мен әділдік те.

[19] Беретін жемісім алтыннан құнды, Ол тіпті саф алтыннан да бағалы, Шығаратын өнімім менің таңдаулы, Күмістен де әлдеқайда жоғары.

[20] Әділетті жолмен жүре беремін, Ақиқат жолынан ешбір таймаймын.

[21] Мені сүйгендерге игілік сыйлаймын, Қазыналарын толтыра беремін».

[22] «Жаратқан Иенің меншігі болатынмын Ежелгі істерін Ол жасамастан бұрын.

[23] Бұл дүние жаралмай тұрып, әуелден Мәңгілікте мен тағайындалғанмын.

[24] Пайда болдым терең теңіз болмағанда, Суға толы қайнарлар ақпағанда,

[25] Таулар әлі де орнамай тұрғанда Тудым, һәм төбелер жоқ болғанда,

[26] Тәңір Ие әлі жаратпастан бұрын Жер, дала, әлемнің алғашқы топырағын.

[27] Сонда болдым Ол аспанды орнатқанда, Теңіздің бетінде көкжиекті сызғанда.

[28] Жаратушы бұлттарды аспанда орнатқанда, Тереңнен қайнар көздерді нығайтқанда,

[29] Теңіз суының ауқымын шектегенде, Өз еркінен тыс тасытпай тежегенде Әрі дүниенің негізін белгілегенде,

[30] Оның қасындағы сәулетші мен болғанмын, Күнде Оны қуантып, алдында шаттандым.

[31] Жаратқанның әлемінде көңілдендім, Адамзатқа да шат-шадыман болдым».

[32] «Сонымен, жастар, маған құлақ салыңдар, Қандай бақытты — жолымды сақтағандар!

[33] Өсиетімді тыңдап, дана болыңдар, Еш уақытта одан бас тартпаңдар!

[34] Қандай бақытты — күнде маған құлақ асқан, Сергек боп қақпамда өзімді күтіп тұрған.

[35] Өйткені мені тапқан шынайы өмір табады, Жаратқан Иенің ризашылығын алады.

[36] Ал менен безген өзіне зиян салар, Мені жек көрген әркім өлімді ұнатар».

Нақыл сөздер — Chapters