Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:05

[1] Жәбір сөз ашу туғызар, Биязы жауап ашуды басар.

[2] Дана жанның тілі білімді мақтар, Аңқаудың аузынан надандық ағылар.

[3] Жаратушының көз алдында бәрі аян, Бар жақсы мен жамандар айқын Оған.

[4] Мейірімді тіл өмір сыйлайтын ағашқа ұқсар, Өтірікші тіл рухыңды жаншып-басар.

[5] Әкенің тәрбиесінен ақымақ безер, Ескертуге ден қойған парасатқа кенелер.

[6] Әділдің үйінде мол қазына болар, Арамзаның тапқаны өз берекесін алар.

[7] Дананың тілі білім себеді, Наданның санасы олай істемейді.

[8] Арамзаның құрбандығынан Жаратқан жиренер, Ал әділдің мінажаты Оны сүйсіндірер.

[9] Арамзаның жолынан Жаратқан жиренер, Әділдікті қуғанға Ол сүйсінер.

[10] Жолдан безген ауыр жаза тартар, Ескертуді жек көрген опат болар.

[11] О дүние мен тозақ Жаратқанға аян, Оған адам жүрегі содан бетер аян.

[12] Мысқылшыл өзіне ескерткенді ұнатпас, Дананың маңына ол жақындамас.

[13] Жүректің қуанышы бет-жүзді жарқыратар, Жүректің қайғысы көңілді жабырқатар.

[14] Зерделінің санасы білім қуар, Зердесіз ақымақтыққа тойынар.

[15] Бақытсыздың қай күні де қайғыдан арылмас, Қуанышты жанның тойы тарқамас.

[16] Мол қазынасы болып, уайымдағаннан гөрі Азды қанағат етіп, Жаратқанды қастерлеген игі.

[17] Жек көрген жан ұсынған семіз сиыр етінен Көкөніс тағамы игі сүйген жан берген.

[18] Ашушаң дау туғызар, Байсалды дауды басар.

[19] Жалқаудың жолын тікен басар, Адалдың жолы тегіс болар.

[20] Ақылды бала әкесін риза қылар, Ақылсыз жан шешесін қор қылар.

[21] Ақылы азды ақымақтық сүйсінтер, Ал ақылды жан тура жолмен жүрер.

[22] Кеңессіз құрған іс аяқсыз қалар, Көптің ақылымен ол жүзеге асар.

[23] Дәл айтылған жауап адамды қуантар, Уақтылы айтылған сөз бір ғанибет болар.

[24] Дананың өмір жолы биікке бастар, Ажалдан оны сақтап қалар.

[25] Жаратқан Ие менменнің үйін талқандар, Ол жесірдің жерінің шекарасын қорғар.

[26] Зұлымның жоспарларынан Жаратқан жиренер, Пәк жанның сөздеріне Жаратқан сүйсінер.

[27] Пайдақор отбасының берекесін кетірер, Параны жек көрген тыныш өмір сүрер.

[28] Әділ жан жауабын ойлап берер, Арамза жаман сөзін лақ еткізер.

[29] Арамзадан Жаратқан Ие алыс болар, Әділдің мінажатына Ол құлақ салар.

[30] Жарқын жүз жүректі қуантар, Жақсы хабар денеге қуат дарытар.

[31] Өмірдің тәрбиесіне құлақ түргендер Даналар арасынан орын тебер.

[32] Тәрбиеге ден қоймаған өз жанын жек көрер, Ескертуді тыңдаған ақыл-парасат иемденер.

[33] Жаратқанды шын қастерлеу даналыққа үйретер Және кішіпейіл жанның абыройы өсер.

Нақыл сөздер — Chapters