Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:01

[1] Шарап — қорлағыш, сыра — даурықтырғыш, Ішімдікке салынған әркім ақылсыз.

[2] Патшаның қаһары — ақырған арыстан, Ашуын тұтатқан — басына пәле шақырған.

[3] Жанжалға бармау адамға абырой болар, Ал ақымақ болса, жанжалға асығар.

[4] Жалқау мезгілінде жерін жыртпас, Орақ кезі жеткенде өнім таппас.

[5] Адамның ой-ниеті тұңғиық судай болар, Ақылды адам олардан сарқып алар.

[6] Өз мейірімін көп адам мақтан тұтар, Ал шынымен адал жанды кім табар?

[7] Әділ жан мінсіз өмір сүрер, Балалары жарылқауды иемденер.

[8] Сот тағында отырған патшалар Бар қылмысты көзбен сұрыптап шығарар.

[9] Жүрегімді таза ұстап, күнәсіз жүрдім Деп тайсалмай айта алар еді кім?

[10] Тең емес таразы, тең емес өлшем — Екеуін де жек көрер Тәңір Ием.

[11] Істерін байқасаң баланың, Білесің мінезінің таза, дұрысын.

[12] Еститін құлақ пен көретін көздің Екеуін де жаратты Тәңір Иең.

[13] Ұйқышыл болма, тапшылыққа ұшырарсың, Қырағы болғын, тамаққа тойынарсың.

[14] Сатып алушы затты «тым нашар» деп сынар, Ал былай шығып, арзанға алғанына мақтанар.

[15] Алтын да бар, маржан да мол, Зерделі тіл — нағыз қазына сол.

[16] Бөгдеге біреу кепіл болса, Шапанын шешіп алыңдар сонда, Кепілдік болсын бөгденің қарызына.

[17] Адамның алдап тапқан наны тәтті, Ал кейін аузы құмға толы іспетті.

[18] Ақылдасқан іс берік тұр, Соғысар алдында кеңес құр.

[19] Өсек тасыған сырыңды ашар, Серігің болмасын сөзқұмар!

[20] Әке-шешесін қарғағанның Жанары қара түнекте сөнер.

[21] Тым ерте иемденген мұралы еншің Соңынан болмас шынайы берекең.

[22] Зұлымдықтың кегін қайтарам деме, Тәңір Иеге тапсыр, Ол қолдайды сені.

[23] Жаратқанға мүлдем ұнамсызы — Дәл емес өлшем тастары, Өте жаман да — жалған таразы.

[24] Адамның қадамдарын Тәңір Ие белгілер, Онсыз адам жүрер жолын қайдан білер?

[25] Тәңірге асыға өз меншігін бағыштау, Ал берген антына соңынан өкіну, Бұл — өзіне-өзі тұзақ құру.

[26] Ақылды патша қылмыскерлерді анықтар, Кейін соларды талқандап жазалар.

[27] Адамның рухы — Жаратқанның шырағы, Жүрек түкпірлерін зерттейді ол қырағы.

[28] Мархабат пен ақиқат патшаны қорғайды, Мызғымас мейірімі оның тағын қолдайды.

[29] Жастардың мақтанары — күш-қуаты, Қарттардың қадірі — ағарған шашы.

[30] Соққының ізі адамды зұлымдықтан арылтар, Әділ жазасы жан дүниесін тазартар.

Нақыл сөздер — Chapters