[1] Балам, сөздерімді есіңде ұстап, Ережелерімді жадыңда жүр сақтап,
[2] Өмір сүр, өсиетімді орындап, Ілімімді көз қарашығыңдай сақтап,
[3] Саусаққа байлап алғандай жүр ұстанып, Жүрегіңнің түкпіріне қойғын жазып.
[4] Даналыққа қарашы туған бауырыңдай, Парасатты да көрші туысқаныңдай.
[5] Сонда олар қорғайды азғын әйелден, Сені баурамақ болғаннан майда сөзімен.
[6] Бір күні қарап тұрсам терезеден,
[7] Тәжірибесіз жастардың арасынан Жас жігітті байқадым, ақылы толмаған.
[8] Әйел тұрған бұрыштан жігіт өтті, Соның үйіне апаратын жолмен кетті.
[9] Бұл күн батып, ымырт түскен кез еді.
[10] Міне, әйел жігіттің алдынан шықты, Жезөкшедей киінген, айлалы еді.
[11] Ол үйінде тұрмас, жүгенсіз де даурықпа,
[12] Торып жүр көше, алаң, бұрыштарды.
[13] Жігітті сол арсыз құшып алып, сүйді, Шімірікпей оған қарап былай деді:
[14] «Мен тиісті құрбандығымды шалдым, Антымды бүгін түгел орындадым.
[15] Кезігу үшін өзіңе үйден шықтым, Сені іздеп, енді, міне, тауып алдым!
[16] Төсегіме әдемі көрпе салдым, Түрлі түсті мысырлық жабын жаптым,
[17] Хош иісті мүр, алоэ, дәмқабық шаштым.
[18] Кәне, жүр, таң атқанша бірге болайық, Махаббаттың ләззатымен сусындайық!
[19] Үйде ерім жоқ, ол алыс сапарға кетті,
[20] Күміс толы дорбасын ала кетті, Ай толғанда ғана қайтып келеді».
[21] Майда тілмен ол жігітті арбап алды, Жылы сөйлеп дегеніне көндірді.
[22] Жігіт әйелге еріп жүре берді, Сойылуға бара жатқан өгіздей, Әрі торға түсіп қалған бұғыдай,
[23] Садақ оғы әлі бауырына қадалмай, Тұзаққа зымырай ұшқан құстай, Өмірмен қоштасарын кетті ол ұғынбай.
[24] Сонымен, балалар, мені тыңдаңдар, Айтқан сөздеріме құлақ салыңдар!
[25] Жүгенсіз әйелдің ізіне түспеңдер, Жолына еліктеп, адасып жүрмеңдер!
[26] Көп адам осылайша құлап қалды, Күштілер оның қолынан қаза тапты.
[27] Оның үйі көрге қарай жетелейді, Тозақтың дәл түбіне түсіреді.