[1] Балалар, әке өсиетіне құлақ түріңдер, Парасатқа ықылас бөліп, меңгеріп алыңдар,
[2] Өйткені мен сендерге игі тәлім беремін, Бас тартып кетпеңдер үйреткен өсиетімнен!
[3] Өзім де әкемнің қасындағы ұлы болдым, Көзінің қарасы, шешемнің жалғызы едім.
[4] Әрдайым былай деп әкем маған үйрететін: Жүрегіңе сөздерімді берік тоқып алғын, Өсиеттерімді орындап өмір сүргін.
[5] Парасатқа ие болып, даналыққа кенелгін, Сөздерімді ұмытып, бас тартып жүрмегін.
[6] Даналықтан безбе, сонда ол сені қорғайды, Ұдайы оны сүйсең, сені аман сақтайды.
[7] Ең бастысы — даналық, даналыққа кенелгін, Қолыңдағы барыңмен парасатқа ие болғын.
[8] Жоғары оны бағала, дәрежеңді көтерер, Айырылма одан, абыройыңды асырар.
[9] Даналық басыңа шір таққандай көрік берер, Тәж орнатқан секілді құрмет-даңққа кенелтер.
[10] Балам, зейін қойып сөзімді қабыл ал, Сонда сенің ғұмырың ұзақ болар.
[11] Мен саған даналық жолын көрсетемін, Ұдайы сені тура жолмен жетелеймін.
[12] Сол жолмен бөгелмей еркін жүресің, Жүгірсең де ешқашан сүрінбейсің.
[13] Тәлімімнен мықтап ұстан, айырылып қалма, Шын өмірге жеткізеді, соны есіңде сақта.
[14] Қылмыскерлер жолына аяғыңды салма, Зұлымдардың соқпағымен жүретін болма!
[15] Бас тартып одан, әрқашан айналып өт, Бойыңды аулақ ұстап, бұрылып кет.
[16] Зұлымдық істемей олар ұйықтай алмас, Біреуді құлатпай еш тыным таппас.
[17] Оларға зорлық пен әділетсіздікті Істеу тамақ ішкендей үйреншікті.
[18] Әділдің жолы таң шапағы іспетті Тал түс болғанша жарқырай түседі.
[19] Ал қылмыстының жолы түнекке ұқсайды, Ол неден сүрініп, құлағанын ұқпайды.
[20] Балам, сөзімді жүрегіңе тоқып ал, Айтқандарыма мұқият құлақ сал.
[21] Сөзімді назарыңнан тыс қалдырмай, Жүрегіңнің түкпіріне сақтап қой.
[22] Шын өмір сыйлайды ол мәнісін тапқанға, Денсаулық береді оның тұла бойына.
[23] Ең бастысы, таза сақта жүрегіңді, Өйткені ол — өміріңнің қайнар көзі.
[24] Лайым аузыңнан өтірік шықпасын, Тілің жалғандықтан қашықтасын!
[25] Алға қарай көзің тура қарасын, Алған бағыттан назарың таймасын,
[26] Көңіл бөл жүретін жолыңа өзіңнің, Лайым берік болсын жолдарың сенің.
[27] Алға басып, оңға-солға бұрылма, Аяғыңды жамандықтан аулақ ұста.