Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:46

[1] Ешкім қумаса да қылмыскер қуыстанар, Ал әділ жан арыстандай батыл болар.

[2] Ел заңнан безсе басшылары көп болар, Білгір, дана билеушімен елде тәртіп сақталар.

[3] Бейшараларды қанайтын кедей жан Егінді шайған жауындай елге зиян.

[4] Заңды бұзғандар зұлымдарды мақтар, Заңды сақтағандар оларға қарсы шығар.

[5] Зұлым жан әділдікті ұғынбас, Жаратқанға бет бұрған оны толықтай ұғынар.

[6] Бұрыс жүрген байдан гөрі Адал жүрген жарлы жақсы.

[7] Заңды ұстанған — зерделі бала, Ал ысырапшылдарға қосылса, Әкесін қалдырар ұятқа.

[8] Тойымсыз өсімқор жиған байлығынан айырылар, Соңында байлығы кедейді аяғанға бұйырар.

[9] Заңға құлақ аспайтынның Мінажаты да Құдайға жексұрын.

[10] Әділді адастырған теріс жолға Өз торына өзі түсер жан, Ие болар ақырында жақсылыққа Кінәратсыз, адал жан.

[11] Бай адам өзін данышпан санар, Зерделі кедей оның шындығын ашар.

[12] Әділдер жеңіп шықса, елдің ұлылығы асар, Зұлымдар үстемдік етсе, жұрт бас сауғалар.

[13] Күнәларын жасырған жан өркендемейді, Оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді.

[14] Жаратқанды лайым қастерлейтін жарылқанар, Ал жүрегін қасарыстырған пәлеге ұшырар.

[15] Бейшара халыққа билік құрған арамза Ұқсайды ақырған арыстан я бас салған аюға.

[16] Зердесіз билеуші халқын езгіге салар, Арам пайданы жек көрген ұзақ билік құрар.

[17] Кісі өлтірген күнәкар Өле-өлгенше қашқын болар, Болмасын ешкім оны қорғар!

[18] Мінсіз жүрген жан пәледен аман болар, Бұрыс жолмен жүрген бірден құлап қалар.

[19] Жер өңдегеннің тамағы мол, Құр қиял қуғанның жоқшылығы мол.

[20] Адал жан молынан жарылқанар, Баюға асыққан жазасын тартар.

[21] Адамдарды алалау ешқандай дұрыс емес, Кейбіреу бір үзім нан үшін қылмыстан шегінбес.

[22] Ашкөз адам асығып баюға ұмтылар, Аңғармай ақырында жоқшылыққа ұшырар.

[23] Жағымпаздан гөрі ескертуші Соңында көбірек көрер құрметті.

[24] «Күнә емес» деп ата-анасынан ұрлаушы — Қарақшылардың нағыз сыбайласы.

[25] Тәкаппар адам дау-жанжал туғызар, Тәңір Иеге сенуші өркендейтін болар.

[26] Өз ақылына ғана сенген аңғал болар, Даналықпен жүрген аман сақталар.

[27] Мүсәпірді аяған жоқшылыққа тап болмас, Ал оған көзін жұмған қарғыстан бас алмас.

[28] Зұлымдар үстемдік етсе, жұрт бас сауғалар, Зұлымдар құлап түссе, әділдер саны молаяр.

Нақыл сөздер — Chapters