Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:53

[1] Балам, даналығымды қабылда, Ұлағатты сөздерімді тыңда,

[2] Осылай естілікті үйренерсің, Білім сақтап, парасатпен сөйлерсің.

[3] Азғын әйелдің тілінен бал тамады, Сөздері майдан да жұмсақ болады.

[4] Бірақ оның кесірі ащы жусандай, Соңы өткір болар екі жүзді семсердей.

[5] Аяқтары өлім жолына түсіп барар, Қадамдары көрге қарай бағытталар.

[6] Шынайы өмір жолын сол әйел ойламайды, Қауіпті жолмен жүргенін аңғармайды.

[7] Сонымен, балалар, тілімді алыңдар, Айтатын сөздерімнен бас тартпаңдар!

[8] Әрдайым алыс бол сондай әйелден, Жақындамай, аулақ жүр есігінен!

[9] Әйтпесе әл-күшіңнен құр қаласың, Жиғаныңды қатал жанға тапсырасың.

[10] Басқалар байлығыңды иемденер, Бөтен жан еңбегіңнің жемісін жер.

[11] Өміріңнің соңында тәнің әлсіреп, Былай деп күйзелерсің, қатты опық жеп:

[12] «Әттеген-ай, тәрбиені неге жек көріппін, Ескертуді қалайша елемей жүріппін?

[13] Ұстаздарымның тілін қалайша алмаппын, Тәлімгерлеріме еш құлақ салмаппын?

[14] Сондықтан мен жиналған жамағаттың Алдында масқара бола жаздаппын!»

[15] Суын ішіп, шөліңді бас өз «құдығыңнан», Ләззат тап өз «бұлағыңның кәусарынан».

[16] «Бұлағың» көшелерде ақсын ба, «Кәусарың» алаңдарда жайылсын ба?

[17] Лайым ол тек қана сендік болсын, Адал жүр, бөліспе өзгелермен!

[18] Құдайым жарылқай көрсін «бұлағыңды», Қанағат ет жастай алған қосағыңды:

[19] Ол еліктей сұлу, тауешкідей әсем, Үнемі ләззат тап кеудесінен, Мас бола бер махаббатына әрдайым.

[20] Балам, өзге әйелге әуестіктің қажеті не? Басқаның кеудесін құшқаннан табасың не?

[21] Адамның күллі ісі Жаратқанның көз алдында, Ол баға береді пенденің бар жолына.

[22] Зұлым жан өз күнәларының тұзағына түсер, Жасаған жамандықтары оны кіріптар етер.

[23] Тәрбиесіздігі оны ажалға тап қылар, Зор ақымақтығы ақ жолдан адастырар.

Нақыл сөздер — Chapters