Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:50

[1] Сүлейменнің бірсыпыра нақыл сөздері: Ақылды бала — әкесінің сүйініші, Ақылсыз бала — шешесінің күйініші.

[2] Арам байлық пайдалы болмайды, Ал әділдік ажалдан сақтайды.

[3] Әділдің аш жүруіне Жаратқан жол бермес, Зұлымның аңсағанын беруді Ол қош көрмес.

[4] Жалқау қол жарлы қылар, Іскер қол дәулетті қылар.

[5] Жазда өнім жиған — ақылды бала, Орақ кезінде ұйықтаған — арсыз бала.

[6] Әділ жан жарылқауға ие болар, Зұлымның аузы зорлығын жасырар.

[7] Әділді есіне алған жұрт шүкір етер, Ал зұлымның есімі құрып кетер.

[8] Дана жан нұсқауды жылы қабылдар, Надан өз сөзінен сүрініп құлар.

[9] Таза жүрген аман жүрер, Қисық жолдағы әшкереленер.

[10] Көзін қысып белгі берген ыза келтірер, Ал мылжың бос сөзінен жапа шегер.

[11] Әділдің аузынан өмір қайнар, Зұлымның аузы зорлығын жасырар.

[12] Өшпенділік араздық туғызар, Сүйіспеншілік бар күнәні жабар.

[13] Зерделінің аузынан даналық шығар, Парасаттан бас тартқан жазасын тартар.

[14] Данышпан білімін сақтап қояр, Ақымақ аузымен пәле шақырар.

[15] Байдың қорғаны — өз байлығы, Жарлының пәлесі — өз жоқшылығы.

[16] Әділдің өнімі — өмірге, Зұлымның табысы — күнәға.

[17] Тәрбиеге мойынсұнған жан өмірге жол бастар, Ал ескертуді елемейтін өзгені де азғырар.

[18] Қастығын жасырғанның тілі жалған, Өсек-аяң таратқан — ақымақ жан.

[19] Сөзуар құтыла алмас күнәдан, Ақылды жан өз аузына ие болған.

[20] Әділдің тілі — таңдаулы күміс, Зұлымның ниеті — түкке тұрғысыз.

[21] Әділдің тілі көпке ақыл берер, Наданның зердесіздігі өз түбіне жетер.

[22] Жаратқанның жарылқауы адамды бай қылар, Бұл байлыққа Ол қайғы-қасірет қоспас.

[23] Зердесізге зұлымдық ләззат, Зерделіге даналық ләззат.

[24] Арам жан қорыққанына тап болар, Әділдің аңсағаны орындалар.

[25] Құйын өтіп кетсе арамза ғайып болар, Ал әділдің негізі мәңгі берік болар.

[26] Қышқыл тіске, түтін көзге кесел, Жалқау өзін жұмсағанға кесел.

[27] Жаратқанды шын қастерлеу ғұмырды ұзартар, Ал зұлымдардың ғұмыры қысқартылар.

[28] Әділдің күткені шаттыққа апарар, Зұлымның үміті құр бекер болар.

[29] Жаратқанның жолы мінсіз жанға қорған болар, Ал зұлымдық істеушінің үрейін ұшырар.

[30] Әділ жан ешқашан шайқалмас, Зұлым жан өз елінде тұра алмас.

[31] Әділ жан даналықты шыңдай түсер, Өтірікші лайықты жазасын шегер.

[32] Әділдің аузынан ізгі сөз шығар, Арамзаның аузынан азғын сөз шығар.

Нақыл сөздер — Chapters