[1] Бұл жазбада Исраилдің патшасы Дәуіт ұлы Сүлейменнің нақыл сөздері берілген.
[2] Нақыл сөздердің мақсаты мынау: Даналық пен тағылымды білдіріп, Парасатты сөздерді ұғындыру,
[3] Әділдік, дұрыс іс, ақ ниетке бағыттап, Тәрбиелі, саналы өмірді иеленту,
[4] Ақылы толмағанға ақыл беріп, Жастарға білім, саналылық сыйлау.
[5] Саналы жан тыңдап, ақыл-кеңес табады, Дана жан біліміне білім қосады,
[6] Осылай нақыл да астарлы сөздерді, Данышпан адамдар айтып кеткендерді Һәм олардың жұмбақтарын түсінеді.
[7] Білімнің бастауы — Жаратқан Иені Терең қастерлеп, Оған мойынсұну. Ал Құдайдан безген надандар болса, Елемейді даналық пен тәрбиені.
[8] Балам, әкеңнің тәрбиесін тыңда, Шешең берген тәлімнен де бас тартпа!
[9] Олар басыңдағы тәждей тамаша, Мойныңдағы моншақтай ұнамды да.
[10] Балам, күнәкарлар еліктіргенде Айтқандарына сен ешқашан көнбе,
[11] Олар сені шақырып былай десе: «Кәнеки, кеттік, біреуді аңдиық! Сол бір айыпсыздың жолын ториық, Аңдаусызда бас салып, қанын төгейік!
[12] Сондайларды тып-типыл тонайық, Көрге түсіргендей түгел бітірейік.
[13] Алуан асыл заттарға ие боламыз, Үйлерімізді олжаға толтырамыз.
[14] Тәуекелге бізбен бірге бел байла, Бар байлығымыз ортақ болады сонда!»
[15] Балам, мұндайлармен бірге жолға шықпа, Олардың жолдарына мүлдем жолама!
[16] Қылмыс жасауға олар құлшынады, Қан төгуге асыға құмартады.
[17] Ал тор құру құстардың көз алдында Құр бекер, пайдасыз іс болмай ма?
[18] Сол адамдар өз жандарын аңдиды, Өздеріне тор құрып, соңында құриды!
[19] Арам табысқа құмардың тағдыры сол: Дүниеқор иесін жалмайды ол.
[20] Даналық көшелерде шақырады, Алаңдарда дауыстап жар салады,
[21] Жұрт жиналған жерлерде даусы шығады, Қала қақпасы алдында уағыз айтады:
[22] «Аңғалдар, қашанғы аңғалдықты сүйесіңдер, Мазақшылдар, қашанғы мазақтай бересіңдер, Ақымақтар, қашанғы білімді жек көресіңдер?
[23] Кәне, менің тәрбиеме құлақ түріңдер! Сонда сендерге рухымды молынан төгемін, Айтатын сөздерімді түгел білдіремін.
[24] Бірақ шақырсам да, тыңдаудан бас тарттыңдар, Құшағымды жайсам да, назар аудармадыңдар,
[25] Ақыл-кеңесіме мүлдем ден қоймадыңдар, Ескертулерімді де қабылдамадыңдар!
[26] Сол үшін қиналған кездеріңде күлемін, Үрейлерің ұшқанда келеке етемін.
[27] Қорқыныш сұрапыл дауылдай соққанда, Зобалаң бастарыңа құйындай туғанда, Қайғыға ұшырап сендер тарыққанда.
[28] Сонда естімеймін мұндайлар шақырғанмен, Мені таппайды шарқ ұрып іздегенмен,
[29] Өйткені олар білімді жек көрген, Жаратқанды қастерлегілері келмеген,
[30] Ақыл-кеңесімнен менің безіп кеткен, Бар ескертулерімді менсінбей жүрген.
[31] Сондықтан олар істерінің жемісін жейді, Өз қулық-сұмдықтарына «кенеледі».
[32] Аңғырттың қыңырлығы өзін күйретеді, Аңғалдың бейқамдығы өз түбіне жетеді.
[33] Ал мені тыңдаған қауіпсіз тұрады, Еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады».