Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:00

[1] Адам жүрегінде жоспар құрар, Ал соның жауабы Жаратқаннан болар.

[2] Адамға күллі істері жөн іспетті, Ал Жаратқан Ие тексереді ой-ниетті.

[3] Жаратушыға сеніп тапсыр бар ісіңді, Сонда құрған жоспарың болар өнімді.

[4] Жаратқан Ие бәрін де өз мақсатына сай жасар, Арамзаны Ол апатты күнге қалдырар.

[5] Жаратқан Иеге жексұрын — жүрегі паңдар, Шүбә жоқ, жазасыз қалмайды олар.

[6] Рақыммен және шындықпен күнәлар кешірілер, Жаратқанды шын қастерлейтін күнәдан аулақ жүрер.

[7] Адамның жолы Жаратқанға ұнаса, Тату қылар соның жауларын да.

[8] Ағыл-тегіл арам кірістен гөрі, Аз болса да адал пайда игі.

[9] Жүрер жолын адам жүрегінде жоспарлар, Ал оның қадамдарын Жаратқан Ие бағыттар.

[10] Патшаның сөзі Тәңірдің шешімі іспетті, Ол әділ билік айтуға тиісті.

[11] Адал таразы — Тәңір Иенің талабы, Өлшеуіш тастарға Ол назар аударады.

[12] Патшаға зұлымдық жексұрын болар, Әділдік оның тағын нығайтар.

[13] Адал тілді патша жақтырар, Ақиқат айтқанды ол ұнатар.

[14] Патшаның қаһары — ажалдың жаршысы, Ал ақылды жан оның қаһарын басады.

[15] Патшаның жылы жүзі жігерлендірер, Ризашылығы көктемгі жаңбырдай сергітер.

[16] Даналық иемденгенің алтыннан да құнды, Естілік иемденгенің саф күмістен тиімді.

[17] Әділдің ақ жолы зұлымдықтан алшақтатар, Жолына қырағы жан өмірін аман сақтар.

[18] Менмендік — күйреудің басы, Асқақтық — құлаудың алды.

[19] Асқақпен олжа бөліскенше, Кедеймен кішіпейіл болған артық.

[20] Ақылмен еңбек еткен игілік табар, Жаратқанға сенім артқан бақытты болар.

[21] Жүрегі дананы зерделі дер, Ұнамды тіл әсерлі тәлім берер.

[22] Ақылдыға естілік — өмір бұлағы, Ақылсызға ақымақтық — тартар жазасы.

[23] Дананың ақылы сөзін де дана қылар, Ол аузынан тәлімді сөз шығарар.

[24] Ұнамды сөз балдай тәтті, Жаныңа жағымды, тәніңе шипалы.

[25] Адамға түзу болып көрінген жолдар да бар, Ақырында олар ажалға бастап апарар.

[26] Тәбеті жұмысшыға жұмыс істетер, Аштығы оған еңбек еткізер.

[27] Сұрқия адам зұлымдық ойлайды, Айтқан сөзі жалындай жалмайды.

[28] Арамза араздық туғызар, Өсекші достарды айырар.

[29] Зорлықшыл адам жолдасын аздырар, Еліктіріп оны теріс жолға салар.

[30] Көзін сығырайтатын сұмдық ойластырар, Ернін жымқыратын зұлымдық дайындар.

[31] Ағарған шаш — салтанатты тәж, Ақ жолмен жүрген соған қол жеткізер.

[32] Қуатты жасақшыдан сабырлы жан артық, Қаланы басып алғаннан ұстамды жан артық.

[33] Лақтырған жеребең алдыңа түсер, Оның шешімін Жаратқан Ие берер.

Нақыл сөздер — Chapters